
ЕҢБЕК АДАМЫ-ЕЛ ТІРЕГІ
«ЕҢБЕК КҮНІ» аясында 02.10.2026 жылы Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі «Еңбек адамы-ел тірегі» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды .
Семинар-кеңеске, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маман – мемлекеттік еңбек инспекторы Н.Бектай қатысып еңбек заңнамаларына түсіндірмелер берді.
Семинар-кеңес барысы пікір алмасу мен сұрақ жауапқа ұласып жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуы басты назарда екені айтылды.
- Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі деген не?
Қазақстанда еңбек қатынастарын цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі. Бұл жүйе жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастары туралы мәліметтерді электрондық форматта есепке алуды қамтамасыз етеді.
- Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу міндеттілігі мен қажеттілігі қандай?
Жұмыс беруші жұмыскермен еңбек шартын жасасуға және заңнамада белгіленген тәртіппен ол туралы мәліметтерд енгізуге міндетті. Электрондық есепке алу еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етіп, жұмыскерлердің еңбек құқықтарының бұзылу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
- Еңбек шартының электрондық жүйеде тіркелуі маңыздылығын атап өсеңіз?
Жұмыскер үшін еңбек шартының электрондық жүйеде тіркелуі ерекше маңызды. Атап айтқанда, еңбек қатынастары туралы мәліметтер еңбек өтілін растау, әлеуметтік кепілдіктерді алу және еңбек дауы туындаған жағдайда өз құқықтарын қорғау кезінде пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар, жұмыскерлерге еңбек саласындағы ақпараттық жүйелер арқылы жасалған еңбек шарты туралы мәліметтердің бар-жоғын және олардың дұрыстығын өз бетінше тексеріп отыру ұсынылады. Егер сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, тиісті өзгерістер енгізу үшін жұмыс берушіге жүгіну қажет.
- Еңбек шартын жасау қай кезде рәсімделуі тиіс?
Еңбек қатынастары жұмыстың алғашқы күнінен бастап рәсімделуі қажет. Жұмыскер еңбек шарты жасалмайынша еңбек міндеттерін орындауға жіберілмеуі тиіс.
- Еңбек қатынастарын цифрландырудың басты мақсаты?
Еңбек қатынастарын цифрландырудың басты мақсаты – еңбек нарығының ашықтығын арттыру, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту және еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылаудың тиімді тетігін қалыптастыру.








