Еңбек министрлігі мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге бақылауды күшейтеді

    Еңбек министрлігі мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге бақылауды күшейтеді

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ҚР Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цойдың, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың, Денсаулық сақтау министрлігі мен бейінді ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

    Кеңес барысында мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) және жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз ету, ұсынылатын бұйымдардың сапасын арттыру, өнім берушілердің қызметіне бақылауды күшейту, сондай-ақ процестерді одан әрі цифрландыру мәселелері талқыланды.

    Әлеуметтік қызметтер порталының ашықтығын арттыруға ерекше назар аударылды. Осы бағытта Еңбек министрлігі өнім берушілердің қызметіне кешенді талдау жүргізіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді салыстырды. Талдау барысында өнім берушілердің кадрлық әлеуеті, салық аударымдары, нақты қызметінің болуы, қойма орындары мен тауар қоры, сондай-ақ ықтимал үлестестігі зерделенді. Нәтижесінде 2026 жылы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін және басқа да негіздер бойынша 551 өнім беруші Портал тізілімінен шығарылды.

    Бақылауды одан әрі күшейту мақсатында министрлік өнім берушілерді автоматтандырылған верификациялау тетігін енгізіп жатыр. Бірінші кезеңде ақпараттық жүйе мемлекеттік дерекқорлар арқылы, оның ішінде берешек, еңбек шарттары және басқа да көрсеткіштер бойынша тексеру жүргізеді. Келесі кезеңде цифрлық құралдар мен геолокацияны пайдалана отырып, тауарлардың және қойма орындарының нақты бар-жоғын растау көзделіп отыр.

    Сондай-ақ Алексей Цой ОТҚ-ның және жеке гигиена құралдарының жекелеген түрлерін бірегей кодтармен таңбалауды ұсынды. Бұл бұйымның қозғалысын соңғы алушыға дейін қадағалауға және оның азаматқа нақты берілгенін қосымша растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп медициналық бұйымдарды таңбалаудың қолданыстағы тетіктерін пайдалану мүмкіндігі қаралды.

    «Министрліктің проблемалы тұстарды өзі анықтап, оларды шешудің нақты тетіктерін ұсынып отырғаны маңызды. Бұл жекелеген жағдайларға байланысты қабылданған шара емес, жүйелі жұмыс. Оның ішінде өнім берушілерді талдау, цифрлық бақылау, процестерді автоматтандыру және жасанды интеллектіні пайдалану бар. Бұл жұмысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жалғастырып, одан әрі күшейту қажет. Өйткені қабылданып жатқан барлық шешімдердің негізінде адам және оған көрсетілетін көмектің сапасы тұруы керек», – деді ҚР Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой.

    Кеңесте медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру мәселелері де қаралды. Министрлік қабылданатын шешімдердің объективтілігін арттыру үшін цифрлық құралдарды енгізуді жалғастыруда. Атап айтқанда, бірдей медициналық құжаттарды анықтау, МӘС қорытындыларын талдау кезінде жасанды интеллектінің пайдаланылуы, сондай-ақ қабылданған шешімдерді басқа өңірлердің мамандарының қосымша көлденең тексеруінен өткізу тетіктері пысықталуда. Бұл ретте мүгедектік белгілеу туралы түпкілікті шешімді маман қабылдайды.

    «Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдаудың оған шын мәнінде мұқтаж адамға уақытылы жетуін қамтамасыз ететін барынша ашық жүйе қалыптастыру. Біз қазірдің өзінде өнім берушілерді верификациялауды күшейтіп, бақылаудың цифрлық құралдарын енгізіп, процестерді деректер негізінде талдап жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестерімізбен бірлесіп бұйымдарды таңбалау, медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру және оңалту көмегінің сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

    Еңбек министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің өзара іс-қимылына да ерекше назар аударылды. Медициналық құжаттаманың сапасы, азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберудің негізділігі, мүгедектіктің алдын алу, оңалту және одан кейінгі әлеуметтік сүйемелдеу мәселелері кешенді тәсілді талап етеді.

    Осындай мысалдарының бірі – Ақмола және Павлодар облыстарында дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың жұмысын орталықтандыру бойынша іске асырылып жатқан пилоттық жоба. Қолда бар деректерге сәйкес, жобаны енгізу пилотқа қатысқан ұйымдарда негізсіз және сапасыз жолдамалардың санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік берген.

    Кеңес қорытындысы бойынша екі ведомствоның бірлескен жұмысының одан арғы бағыттары айқындалды. Олардың қатарында деректер алмасуды күшейту, цифрлық бақылау тетіктерін енгізу, ОТҚ-мен қамтамасыз ету процесінің ашықтығын арттыру және мүгедектігі бар адамдарды оңалту тәсілдерін жетілдіру бар.

    Қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – азаматтардың сапалы әрі нақты қажеттілігіне сай оңалту құралдарын уақытылы алуын қамтамасыз ету және оларды ұсынудың барлық кезеңінде жосықсыз әрекеттерге жол бермеу.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті" жаңалықтары