
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен мегаполистегі экологиялық жағдайға арналған кеңес өтті. Жиында атмосфералық ауаның сапасы, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен автокөліктердің қоршаған ортаға әсері, сондай-ақ, экологиялық заңнама талаптарының сақталуы талқыланды.
Кеңеске аудан әкімдері, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың өкілдері, қоғамдық белсенділер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтың айтуынша, қалада қоршаған ортаға әсер ету деңгейі бойынша I санатқа жататын – 43 кәсіпорын, II санаттағы – 146, III санаттағы – 477 және IV санаттағы 368 кәсіпорын бар.
Ауаның ластану факторларының бірі – стационарлық көздерден шығатын шығарындылар. 2023-2026 жылдар аралығында олардың көлемі 31,6 мың тоннадан 47,08 мың тоннаға дейін өскен. Бұл көрсеткіштің артуына өнеркәсіптің дамуы, жаңа индустриялық аймақтардың пайда болуы және көлік санының көбеюі әсер етуде.
Қазіргі таңда қалада 438 мыңнан астам көлік тіркелген. Оның ішінде 152 мыңнан астам жеңіл көлік 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Департамент полиция органдарымен бірлесіп, автокөліктерден шығатын зиянды заттардың көлемін тексеру бойынша рейдтер жүргізуде. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылады. Қала әкімі бұл жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Экология департаменті биыл өнеркәсіптік нысандарға қатысты 37 тексеру жүргізіп, 37 нұсқама берген және 64 әкімшілік іс қозғаған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 505,921 млн теңгені құрап, соның 281,1 млн теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді. Ауыр сипаттағы заң бұзушылықтар бойынша материалдар сотқа жолданып, сот шешімдерімен бірқатар кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылды.
Жиын барысында тұрғындардың жағымсыз иістерге қатысты шағымдарына да ерекше назар аударылды. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта «Оңтүстік», «Ордабасы» индустриялық аймақтарына іргелес аумақтардан және «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС аумағына қатысты жағымсыз иіс туралы шағымдар айтылған.
Олардың себептерін анықтау мақсатында Экология департаментінің мамандары Ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп, бір ай бойы атмосфералық ауаға өлшеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде жекелеген ластаушы заттар мөлшерінің нормативтерден асып кету фактілері анықталды.
Қала әкімі ауа құрамына жүргізілетін өлшеулерді, оның ішінде кешкі және түнгі уақытта да жалғастырып, жағымсыз иістің нақты көздері мен себептерін анықтауды тапсырды.
Қазіргі уақытта қаладағы ауа сапасы «Қазгидромет» РМК-ның алты бақылау бекеті арқылы бақыланады. Оның төртеуінде ауа сынамалары қолмен алынса, екеуі автоматтандырылған режимде жұмыс істейді. 2025 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған.
Халық саны мен өнеркәсіптің көбеюін ескере отырып, қала әкімі «Қазгидромет» РМК-мен бірлесіп автоматтандырылған бақылау бекеттерінің орналасуын қайта қарауды және қосымша бақылау нүктелерін анықтауды тапсырды. Олардың санын 15-20-ға дейін арттыру ұсынылды. Бақылау бекеттерін ең алдымен халық тығыз орналасқан және экологиялық тәуекелі жоғары аудандарда көбейту жоспарлануда.
Сонымен қатар, индустриялық аймақтардағы жұмыстар да күшейтіледі. Басқарушы компанияларға кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына бақылауды күшейтіп, Экология департаментімен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасау тапсырылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы төрт ірі кәсіпорында экологиялық көрсеткіштерді онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істейді.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімінің тапсырмасымен кәсіпорындарды кешенді тексеру үшін экологиялық комиссия құрылады. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық белсенділер және қала тұрғындары енгізіледі. Тексеру жүргізу үшін комиссияға тиісті нысандарға тәулік бойы кіруге мүмкіндік беріледі.
Алдағы жұмыстың басқа да бағыттары айқындалды. Олардың қатарында ауа сапасын бақылау желісін кеңейту, өнеркәсіптік кәсіпорындарға бақылауды күшейту және санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бар.
Мегаполис басшысы экологиялық мәселелер тұрақты назарда болуы қажет екенін атап өтті. Тұрғындардың өтініштеріне нақты баға беріліп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша уақтылы құқықтық шара қолданылуы тиіс.









