
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада туыстық донордан алынған бүйрек трансплантациясының кезекті, 256-шы отасы сәтті орындалды.
30 қыркүйекте созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі бар пациентке туысының бүйрегі жоспарлы түрде ауыстырылды.
Пациент 8 жылдан бері созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұрған. Негізгі диагнозы – тубулоинтерстициалды нефрит салдарынан дамыған созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі. 2018 жылдан бастап гемодиализ қабылдап келген.
Донор мен реципиент медициналық тексерулерден тиісті хаттамаға сәйкес толық өтті. Операция жасауға қажет заңда көзделген келісімдер алынған.
Трансплантация отасы техникалық қиындықтарсыз, сәтті аяқталды. Операциядан кейін донор мен реципиент қарқынды терапия және реанимация бөліміне ауыстырылды.
Қазіргі уақытта пациенттердің жағдайы тұрақты. Гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты. Реципиентте бүйрек қызметінің ерте қалпына келуін көрсететін жақсы диурез байқалуда.
Операциядан кейінгі емдеу және бақылау шаралары медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізілуде.
Аурухана ұжымы ағзаларды трансплантациялау саласындағы жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамыту және пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсету жұмысын жалғастыруда.









