«ШЫМКЕНТ АРУЫ – 2026» СҰЛУЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТУДЕ

    «ШЫМКЕНТ АРУЫ – 2026» СҰЛУЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТУДЕ

    Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен бүгін «Түркістан» сарайының сахнасында қаланың басты сұлулық және өнер байқауы – «Шымкент аруы – 2026» байқауының финалы өтуде. Sulu Models модельдік агенттігінің директоры, жобаның тұрақты ұйымдастырушысы Ақжамал Әбілдаеваның айтуынша, 15 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатқан байқау үшінші мегаполистің өзіндік брендіне, қала өміріндегі маңызды жобалардың біріне айналған.

    Ұйымдастырушының атап өтуінше, бұл жоба жай ғана тәж үшін талас емес. Байқаудың басты мақсаты – шымкенттік қыздарға шығармашылық және тұлғалық тұрғыдан дамуына серпін беру, өз қабілеттерін ашуға, өзін танытуға мүмкіндік жасау. Сондай-ақ, шынайы сұлулықтың ақыл-парасатпен, бай мәдениетпен және ұлттық дәстүрге деген құрметпен қатар жүретінін көрсету.

    Биылғы іріктеу кезеңі де оңай болған жоқ. Кастингке 17-25 жас аралығындағы 115 үміткер қатысып, олардың арасынан кәсіби қазылар алқасы 15 мықты финалисті таңдады. Олар қаланың басты сахнасында бас жүлде үшін бақ сынайды.

    – Кастинг барысында 115 аруды көріп, олардың ішінен 15 финалисті таңдадық. Біз қатысушылардың харизмасына, өзін сахнада ұстауына, сахналық дайындығына, вокалдық, хореографиялық және актерлік қабілеттеріне, сондай-ақ, дене бітіміне назар аудардық. Сонымен қатар, олардың мақсатшылдығын да бағаладық. Барлығы да жеңіске деген ерекше құлшыныспен келді, – дейді Ақжамал Әбілдаева.

    Қатысушылардың өнерін Ақжамал Әбілдаеваның төрағалығымен тоғыз адамнан құралған беделді қазылар алқасы бағалайды.

    Бас жүлде үшін тартыс төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушылар сәнді көйлек киіп, өздерін таныстырды. Одан кейін арулар дизайнерлік топтамада дефиле жасап, сахнадағы сымбаты мен жеке харизмасын көрсетті. Кештің ерекше сәнін ұлттық киімдегі шеру келтірді. Байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар кешкі көйлектермен сахнаға шығып, одан кейін кештің басты сәті – жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.

    «Шымкент аруы – 2026» байқауының басты жеңімпазы тәж, лента, дипломдармен қатар, «Қазақстан аруы – 2026» («Мисс Қазақстан») республикалық финалына жолдама алады. Сонымен бірге, жеңімпазға бағалы сыйлықтар табысталады.

    Мерекелік кеш аясында арнайы концерттік бағдарлама да ұйымдастырылған. Көрермендерге арналған ауқымды шоуда сән әлемі, заманауи өнер және ұлттық мәдениеттің бай дәстүрлері өзара үйлесім тапты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының әкімдігі" жаңалықтары