
Бүгін, 30 қыркүйекте Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш қаладағы бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Алдымен қала басшысы «МАЭК» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысты.
Маңғыстау өңірінің тұрғындары мен өнеркәсіп орындарын электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ауыз су, ыстық су, техникалық су және дистиллятпен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар кәсіпорында 3 мыңнан астам жұмысшы мен маман еңбек етеді. Комбинат құрамына үш электр станциясы – ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭС, Дистиллят және өнеркәсіптік жылумен сумен жабдықтау зауыты, Жөндеу зауыты, Желі және қосалқы станциялар цехы, сондай-ақ БН-350 реакторлық қондырғысы кіреді.
Кейін шаһар басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қала әкімдігінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан «МАЭК» ЖШС-нің №2 су жинау каналының түбін тереңдету жұмыстарын бақылады.
Бұған дейін жобаның алғашқы кезеңі аясында 900 метрлік учаскеде арнаны жобалық белгілерге дейін тереңдету жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда Каспий теңізінің акваториясына қарай ұзындығы 1140 метр болатын каналдың жаңа учаскесін салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 65 пайызды құрайды.
Жұмыс сапарының соңында Мақсат Мұқаш кәріздік тазарту құрылыстары станциясына (КОС-1) барды. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылуына байланысты КТҚ-1 нысанының тозу деңгейі қазіргі уақытта шамамен 95 пайызды құрайды. Кездесу барысында нысанды қайта жаңғырту, оның орнына Бас кәріздік сорғы станциясын салу және аумағын абаттандыру мәселелері талқыланды.
Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстарды ескеріп, оларды шешу жолдары алдағы уақытта қарастырылатынын жеткізді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі







