САРЫАҒАШ: ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    САРЫАҒАШ: ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
    «1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» орай Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, елге еңбегі сіңген бірқатар қазыналы қариялардың шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді.
    Аудан әкімі ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың саналы ғұмыры мен өнегелі еңбек жолы, кейінгі ұрпаққа көрсетіп отырған тағылымы үшін алғысын білдірді. Қарияларға сый-сияпат табысталып, ізгі тілектер айтылды. Кездесу барысында қариялар Арман Абдуллаевқа көрсеткен құрметі мен ықыласы үшін ризашылықтарын білдірді.
    Сарыағаш қаласының тұрғыны, тыл ардагері Васильева Алла Николаевна 1937 жылғы 6 қазанда дүниеге келген. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбегінің ауыртпалығын көтеріп, Жеңісті жақындатуға өз еңбегімен үлес қосқан ардагерлердің бірі.
    Ал Ильясов Кеңесбай 1943 жылғы 1 қыркүйекте дүниеге келген. Сарыағаш қаласының тұрғыны. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласына арнап, ұзақ жылдар бойы агроном болып қызмет атқарған. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан ардагер бүгінде зейнеткерлік демалыста. Кеңесбай ата – 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген көпбалалы әке. Бүгінде ұрпағының ортасында, бала-шағасының қызығын көріп отырған ардақты қария.
    Сондай-ақ аудан әкімі Сейт-Омар Саттаровпен кездесті. Ол 1943 жылғы 10 мамырда дүниеге келген. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастап, әр жылдары Ленин және «Красный Восток» колхоздарында, Қапланбек техникумында түрлі жауапты қызметтер атқарған.
    1992–1998 жылдары Түркістан ҚТХУ-дың Түркология ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Сейт-Омар Саттаровтың ел тарихы мен рухани мұраны зерттеуге қосқан үлесі айрықша. Ол қазақтың белгілі ақындары мен тарихи тұлғаларының мұрасын жинақтап, зерттеп, бірнеше еңбектің жарық көруіне атсалысқан. Зерттеушінің Майлықожа, Мәделіқожа, Шортанбай, Молда Мұса және басқа да тұлғалардың шығармашылығына қатысты еңбектері жарық көрген. 2019 жылы «Майлықожа толық шығармалар жинағын» шығаруға атсалысып, сондай-ақ «Қазыналы Оңтүстік» сериясы аясындағы ғылыми-танымдық жұмыстарға үлес қосты. Сейт-Омар Саттаров – 6 перзенттің әкесі. Бүгінде 23 немере, 1 шөберенің қызығын көріп отырған ардақты қария.
    Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары