
Қариясын қадірлеген елдің қашанда берекесі артып, ұрпағы өнегемен өседі. Өйткені аға буынның өмір жолы – кейінгіге үлгі, айтқан ақылы – бағыт, берген батасы – рухани тірек. Сондықтан үлкенге құрмет көрсету – бір күннің ғана міндеті емес, елдік тәрбиенің өзегі.
Осы орайда Қарттар күніне орай Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» тау курортында ауданның 60 жуық қариясын бір ортаға тоғыстырған тағылымды әрі әсерлі кездесу өтті. Табиғаты көркем таулы мекенде өткен басқосу үлкендердің бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, жақсы көңіл күймен уақыт өткізуіне мүмкіндік берді.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, мәслихат депутаты Ерболат Жабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Ақтаев, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әдбісаттар Әбдіхалықов және ардагерлер қатысты.
Ақ дастархан басында ақжарма тілектер айтылып, өлеңдер оқылып, үлкендердің өнегелі әңгімелері өрбіді. Жүздесудің әр сәтінен өзара сыйластық пен ізеттілік, үлкенге деген құрмет анық сезілді.
Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына елеулі үлес қосып, ел игілігі жолында еселі еңбек еткен бірқатар ардагерлер аудандық мәслихаттың Грамотасымен марапатталды.
Кездесу соңында ардагерлерге сыйлықтар табысталып, ізгі тілектер айтылды. Таудың таза ауасымен тыныстап, бір-біріне ақжолтай тілегін арнаған қариялар бұл күннен көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Қарияға көрсетілген құрмет – өткенге тағзым ғана емес, келешекке қалдырылған өнеге. Үлкеннің батасын алып, ақылын ардақтаған ұрпақтың жолы да қашанда берекелі болмақ.








