
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Халықаралық қарттар күні қарсаңында облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» барып, ондағы қарияларды мерекемен құттықтады. Облыс әкімі аға буын өкілдерімен жүздесіп, қарияларға ерекше көңіл бөліп, сый-сияпат көрсетті. Әкім өз сөзінде қарттарды құрметтеу – халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі екенін атап өтті.
– Қариялар – елдің қазынасы. Сіздер өмірлік тәжірибелеріңізбен кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестеріңізді қостыңыздар. Мемлекет үшін аға буынға қамқорлық жасау – маңызды міндет. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.
№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында егде жастағы азаматтарға тәулік бойы әлеуметтік қызмет көрсетіліп, олардың тұрмыстық, медициналық, психологиялық және басқа да қажеттіліктеріне қолдау беріледі. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің мақсаты – қарттардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау және олардың қоғаммен байланысын сақтауға мүмкіндік беру.
Кездесу барысында облыс әкімі орталықтағы жағдаймен танысып, қызмет алушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектің сапасына назар аударды.
Түркістан облысында қарттарға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде 200 мыңнан астам зейнеткер бар. Сондай-ақ қарттардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында 20-дан астам «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 15 мыңнан астам зейнеткер түрлі әлеуметтік, мәдени және спорттық шараларға қатысып жүр.
Облыс басшысы қарияларға ізгі тілегін білдіріп, олардың батасы мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін қашанда маңызды екенін атап өтті.
Орталықта 168 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Оның 112-сі – ер адам, 56-сы – әйел. Қызмет алушылардың 64 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі








