
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалында өңір тұрғындарын қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева қатысып, партиялық бақылауға алынуы тиіс мәселелерді зерделеді. Қабылдауға келген және сұраныстарын онлайн байланыс арқылы жеткізген тұрғындар ауыз сумен қамту, тұрғын үй қатынастары, табиғи газ тарту, электр желілерін жаңарту мәселелері бойынша талап-тілектерін жеткізді.
Партиялық қабылдауға онлайн форматта жүгінген Түлкібас ауданының тұрғыны Састөбе кентіндегі су мұнарасын жергілікті цемент зауытының меншігінен ауыл әкімдігінің теңгеріміне өткізу мәселесін көтерді. Бұл мәселе бойынша түсінік берген мемлекеттік орган өкілдері, елді мекенді сумен қамтуда айтарлықтай мәселе жоқ екенін айтты. Сонымен қатар бюджет есебінен екі ұңғыма қазылғаны, қазір оларды сенімгерлік басқаруға беру бойынша жұмыстар басталғаны мәлімделді. 2027 жылдан бастап Састөбе кентінің тұрғындары ауыз суды осы ұңғымалардан алатыны жеткізілді.
Сондай-ақ қабылдау барысында үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтуда Түлкібас ауданында салынатын көпқабатты тұрғын үйлер санын арттыру, кәріз суларын тазарту станцияларының техникалық жағдайын жақсарту мәселелері айтылды. Өтінішін білдірген азаматқа аудан көлемінде салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен ескі үйлерді жаңартуға арналған реновация бағдарламасының орындалуы туралы ақпарат беріліп, кәріз суларын тазарту станцияларының қалыпты жұмыс істеуін қамту бойынша қолға алынған шаралар туралы мағлұмат ұсынылды.
Қабылдауға Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінен бір топ тұрғындар келіп, 20-шақты тұрғын үйі бар Қаратөбе ауылына табиғи газ жеткізу, электр бағаналарын жаңарту, ауыз су құбырларын тарту бастамасын білдірді. Тұрғындарды және осы мәселе бойынша сала жетекшілерінің пікірлерін мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары, тұрғындар саны аз елді мекендерге толыққанды инфрақұрылым тартудың экономикалық шығыны жоғары болатынын ашық айтты. Осыған байланысты, мұндай санаттағы ауылдарға инфрақұрылым жеткізудің дәстүрлі тәсілдерімен қатар, шығыны мен тиімділігі ескерілген балама шешімдер қарастырылатыны мәлімделді.
Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округі, Игілік елді мекенінен келген тұрғын ауылдың көптеген мәселелері шешімін тауып жатқанына алғысын білдіріп, ауылдағы тозығы жеткен су құбырларын жаңартып беру жөніндегі өтінішін айтса, осы ауданның Шаға ауылдық округінен келген азамат «Қазақстанның 30 жылдығы» ауылындағы су жүйелерін жөндеу және қоғамдық көліктің маршрутын ұзарту жөніндегі сұранысын білдірді. Ауыз су бойынша көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтқан Зұлпыхар Сансызбайұлы, «Қазақстанның 30 жылдығы» ауылына қатынайтын автобус маршрутын ұзарту мүмкіндігін қарастыруды сала жетекшілеріне тапсырды. Сондай-ақ қабылдау барысында жеке тұрғын үйі апатты деп танылған көпбалалы отбасылардың мәселесін арендалық тұрғын үй қоры арқылы немесе демеушілер көмегімен шешіп беру мәселесі бақылауға алынды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының қабылдауына алдын ала 16 тұрғын жазылып, әр азаматтың мәселесі жеке қаралды. Қабылдау барысында көтерілген сұрақтардың әрқайсысы бойынша жауапты мекемелердің өкілдері түсініктеме беріп, нақты шешу жолдары талқыланды. «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалы тұрғындар көтерген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстайды. Әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстардың орындалуы қадағаланып, нәтижесі назарға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









