Жаңа буын ұстаздардың кәсіби шеберлігі сыналды

    Жаңа буын ұстаздардың кәсіби шеберлігі сыналды

    Ұстаздар күні қарсаңында Май ауданында жас педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын дәстүрлі байқау өтті.

    Ұлағатты ұстаз Жидебай Кәкенұлы Арықбаевтың есімімен аталған жас мамандар сайысы биыл сегізінші рет ұйымдастырылды.

    Ұстаздық жолға енді қадам басқан 15 жас педагог бас қосып, кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін ортаға салды. Байқау барысында қатысушылар өздеріне бейтаныс сыныпта сабақ өткізіп, педагогикалық шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар өздерін таныстырып, ұстаздық ұстанымдары мен кәсіби мақсаттары туралы ой бөлісті.

    Сайыстың ең маңызды кезеңдерінің бірі — инновациялық жобаларды қорғау. Бұл кезеңде жас ұстаздар білім беру саласындағы тың идеялары мен жаңашыл бастамаларын таныстырып, өздерінің шығармашылық әлеуетін көрсетті.

    2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан тағылымды байқау осы уақытқа дейін 100-ден астам жас маманның кәсіби тұрғыда қалыптасуына, өз мүмкіндіктерін сынап, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді. Бір кездері осы сайыста бақ сынаған жас мамандардың бүгінде тәжірибелі ұстазға айналып, білім саласында жемісті еңбек етіп жүргені — байқаудың басты нәтижелерінің бірі.

    Бұл — тек жеңімпазды анықтайтын сайыс емес. Бұл — жас педагогке қолдау көрсетіп, өз күшіне сенуге, жаңа идеяларын жүзеге асыруға және ұстаздық жолда өз орнын табуға мүмкіндік беретін кәсіби алаң.

    Ұстаздар күні қарсаңында білім мен тәрбие жолына енді қадам басқан жас мамандарға шығармашылық ізденіс, кәсіби биіктер мен шәкірттерінің ыстық ықыласын тілейміз!

    Ұстаздық жол — үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мүмкіндіктерге бастайтын қасиетті жол.

    Ал байқаудың биылғы жеңімпаздары Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара барысында жарияланып, үздіктер марапатталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Павлодар облысының білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары