«Тілдер шеруі - достық пен бірліктің белгісі»

    «Тілдер шеруі - достық пен бірліктің белгісі»

    28.09.2026 ж аудандық білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес аудандық мәдениет үйінде «Тілдер шеруі - достық пен бірліктің белгісі» тақырыбында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған аудандық мерекелік іс-шара болып өтті.
    Мақсаты: Оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу.
    Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының гимнімен басталды. Жыл бойы түрлі тілдік, шығармашылық және танымдық сайыстарға, байқаулар мен іс-шараларға белсене қатысып, аудан көлемінде өз өнері мен білімін көрсеткен ұстаздар мен оқушыларды аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттау үшін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Әділжан Асхат Әділжанұлына сөз берілді.
    Сахна төрінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі сомдалып, оның қазақ халқының руханияты мен тіл біліміндегі өлшеусіз еңбегі дәріптелді. Сонымен қатар, мектебіміздің ардагер ұстазы Алпысбаева Жанар Саяжанқызы дайындаған қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай қаламгердің «Тағдыр» романынан сахналық көрініс ұсынылды. Әдеби қойылым жазушының шығармашылық мұрасын ұлықтап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
    Кештің сәнін ән мен би көркемдеп, өнерпаздардың өнері мерекелік шараның мазмұнын аша түсті. Ал шара соңындағы 5-6 сынып оқушыларының орындауындағы хор бірлік пен татулықтың жарасымды көрінісіне айналды.
    Іс-шара ұйымдастырушылары «Мектеп жанындағы интернаты бар жалпы орта білім беретін №6 мектебі» КММ-не аудандық білім бөлімі алғыс білдірді. Іс-шара жоғары деңгейде өткізілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы білім басқармасының «Аягөз ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары