
Шығыс Қазақстан облысында қыс мезгілінде автокөлік жолдары мен елді мекендердің көшелерін күтіп-ұстау үшін 800 техникадан тұратын парк жасақталды. Техника өңірдің әр қаласы мен ауданына жергілікті климаттық ерекшеліктерді ескере отырып бөлінген.
Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен жол қызметтерінің қысқы кезеңге дайындығы және салынып жатқан нысандардағы қозғалысты ашу мерзімдері қаралды.
Республикалық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетумен «ҚАЖсервис» ЖШС-нің облыстық филиалы айналысады. Оның қарамағында 108 қар тазалау техникасы бар. Соның 103-і, яғни 96 пайызы жарамды. Аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін күтіп-ұстауға 573 техника қарастырылған. Оның 527-сі немесе 92 пайызы жұмысқа дайын.
Облыстық маңызы бар жолдарға «ОблШығысЖол» ЖШС жауап береді. Кәсіпорындағы 119 техниканың 111-і, яғни 93 пайызы жарамды. Сонымен қатар кәсіпорынның жедел әрекет ету жасағы бар. Оның құрамында мамандармен қатар бульдозер, автогрейдер, қар тазалағыш және техниканы тасымалдауға арналған тралдар бар.
Қар тазалайтын техника алты жол пайдалану басқармасында орналасқан. Өскемен қаласында 36 техникадан тұратын қосалқы база жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда бұл техника жол қызметтерін күшейтуге жіберіледі. Төтенше жағдайлар кезінде пайдалануға арналған қосымша жұмылдыру техникасы да қарастырылған.
Бұдан бөлек, төтенше жағдай туындаса көмекке жұмылдырылатын 185 қосалқы техника бар.
Ауа райы күрделі аумақтарда төрт жол пайдалану пункті жұмыс істейді. Олар Тарғын, Марқакөл, Егіндібұлақ және Шемонаиха елді мекендерінде орналасқан. Сонымен қатар төрт жылыту пункті бар. Олар Өмеш асуында, Урунхайкада, Тарғын мен Егіндібұлақта орналасқан.
Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі Сәтбаев даңғылы бойындағы жолайрықта қозғалысты ашу мерзімін де нақтылады. Құзырлы басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, нысанда бір бағыттағы қозғалысты қараша айына дейін ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қазан айының соңына дейін Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол учаскесінде көлік қозғалысын ашу көзделген.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).






