
Камералдық бақылау – салық органы салықтық нысандарды, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде жүзеге асыратын іс-шара.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша мына деректерді салыстыру кезінде алшақтықтар анықталған жағдайда хабарлама ұсынылады:
салық органдарында, оның ішінде салықтық нысандарда бар мәліметтер;
өзге де мемлекеттік органдардың салық салу объектілері туралы мәліметтері;
әртүрлі ақпарат көздерінен алынған салық төлеушінің қызметі туралы мәліметтер.
Хабарлама деңгейлес мониторингке қатысушыға, сондай-ақ салықтық тексеру жүргізілген кезеңде тексерілетін кезеңге ұсынылмайды.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама алған жағдайда хабарламамен танысу және онда көрсетілген алшақтықтарды зерделеу қажет.
Алшақтықтармен келіскен жағдайда оларды жою қажет:
тиісті кезең үшін хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсыну;
бюджеттен бұрын қайтарылған қосылған құн салығының сомасын бюджетке қайтару және оны аудару күнінен бастап әрбір күн үшін өсімпұл төлеу;
өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін – арнаулы мобильді қосымшада деректерді көрсету және (немесе) салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеу;
тиісті салық режиміне көшу мақсатында Салық кодексінің 716-бабында көзделген әрекеттерді жасау.
Алшақтықтармен келіспеген жағдайда хабарламаны ұсынған салық органына мыналар көрсетілген түсінікті ұсыну қажет:
салық төлеушінің және хабарламаны ұсынған салық органының сәйкестендіру деректері;
хабарламаның күні мен нөмірі;
хабарламамен келіспеу себептері;
күні, қолтаңбасы;
хабарламамен келіспеудің негізділігін растайтын құжаттардың тізбесі (бар болса).
Алшақтықтардың бір бөлігімен келіскен жағдайда алшақтықтарды келісілген бөлігінде жою және қалған бөлікте түсінікті ұсыну қажет.
Операциялар сотпен жалған немесе жарамсыз деп танылған, сондай-ақ контрагенттің тіркелуі жарамсыз болған жағдайда, корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерге және қосылған құн салығын есепке жатқызуға қатысты түсінік қабылданбайды.
Хабарлама мерзімінде орындалмаған жағдайда:
банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады;
электрондық шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрады;
интернет-алаң арқылы қызметін жүзеге асыратын шетелдік компаниялар үшін оған қолжетімділік шектеледі.
Сонымен қатар, салық органы анықталған алшақтықтар бойынша салықтық тексеру жүргізуге құқылы.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлама – бұл санкция емес, жағдайды дербес түзетуге мүмкіндік екенін еске салады: алшақтықтарды жоюға немесе олардың жоқтығын тексерусіз және қосымша салдарсыз негіздеуге болады.







