
Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атом саласы үшін кадр даярлаудың 2027 – 2031 жылдарға арналған кешенді жоспарын (№835) (бұдан әрі – Кешенді жоспар) бекітті.
Кешенді жоспар Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігімен мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының кадрлар даярлау бойынша тапсырмаларын және Қазақстан Республикасының атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын іске асыру мақсатында әзірленді.
Құжат атом саласы үшін халықаралық талаптарға сәйкес кадрларды кезең-кезеңімен дайындауды қарастырады.
Кешенді жоспар кадрлық әлеуетті дамытудың негізгі бағыттарын қамтиды: институционалдық және нормативтік базаны қалыптастыру, білікті кәсіби кадрларды дайындау, кадрларды дайындауды жүзеге асыратын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Құжатты іске асыру атом саласы үшін халықаралық талаптарға сәйкес кадрларды дайындау жүйесін қалыптастыруға, саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге және ұлттық құзыреттілікті дамытуға мүмкіндік береді.









