БҚО-ДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРДЫ ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ОҢАЛТУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

    БҚО-ДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРДЫ ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ОҢАЛТУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

    БҚО-ДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРДЫ ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ОҢАЛТУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

    Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға бағытталған жоба іске қосылды. Жоба оңалту көмегінің қолжетімділігін арттырып, баламен күнделікті үй жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беруді көздейді. Куәландырудан және қайта куәландырудан өтіп жатқан мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдеріне жобаға қатысу мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Отбасы жобаға қатысуға ниет білдірген жағдайда, мамандар баланың заңды өкіліне жобаның шарттары мен қатысу тәртібін түсіндіреді. Одан кейін мамандар баланың жеке қажеттіліктері мен функционалдық мүмкіндіктерін бағалайды. Бағалау нәтижесіне қарай балаға қажетті инновациялық техникалық оңалту құралы (ИТОҚ) таңдалады. Бұл ретте мамандар тек қажетті құралды таңдауға емес, оны дұрыс қолдануға да мән береді. ИТОҚ берілмес бұрын баланың заңды өкіліне құралды қауіпсіз пайдалану және оны үй жағдайындағы оңалту кезінде қолдану тәртібі түсіндіріледі. Аталған жобаның алғашқы қатысушысы да анықталды. Орал қаласының тұрғыны Құжырғали Ғибратқа жеке қажеттіліктеріне сәйкес оңалту құралы таңдалып, оны үй жағдайында пайдалану үшін берілді. Баланың анасы Тұрсынгүл Андешова жоба баласының оңалуына оң әсер ететініне сенім білдірді.

    «Жобаның Орал қаласында іске қосылғанына қуаныштымын. Мемлекет тарапынан баламызға қажетті оңалту құралын жеке қажеттілігіне қарай таңдап, үй жағдайында пайдалануға мүмкіндік берілгеніне ризамын. Мамандар бізге құралды дұрыс пайдалану жолдарын түсіндіріп, қажетті оқыту жүргізді. Үй жағдайында тұрақты түрде қолдану баламыздың оңалуына оң әсер етеді деп сенеміз. Алдағы уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге үміттіміз. Осындай мүмкіндік жасаған мамандарға алғысымызды білдіреміз», – дейді Тұрсынгүл Бейбітқызы.

    Дұрыс таңдалған техникалық құралдарды үй жағдайында пайдалану баланың қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға, дене қалпын дұрыс ұстауына, өздігінен әрекет етуіне және күнделікті өмірге белсендірек қатысуына көмектеседі. Жобаға қатысу үшін Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Зачаганск кенті, 3-шағын аудан, 21-құрылыс мекенжайында орналасқан «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығына жүгінуге болады. Айта кетейік, бүгінгі таңда жоба Павлодар, Абай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында іске асырылуда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті" РММ" жаңалықтары