AI арқылы ауа сапасын бақылайды: Астанадағы №101 мектеп халықаралық байқаудың финалына шықты

    AI арқылы ауа сапасын бақылайды: Астанадағы №101 мектеп халықаралық байқаудың финалына шықты

    Астанадағы №101 мектеп тұрақты даму саласындағы беделді халықаралық Zayed Sustainability Prize 2027 сыйлығының финалына өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Биыл аталған сыйлыққа әлемнің 177 елінен 10 233 өтінім келіп түскен. Жоба қатысушылары тұрақты даму мен әлеуметтік маңызы бар бастамаларын түрлі санаттар бойынша ұсынды.

    Астаналық №101 мектеп «Еуропа және Орталық Азия» өңірі бойынша «Орта мектептер» санатындағы финалистер қатарынан орын алды. Мектеп халықаралық байқауға сыныптардағы ауа сапасын бақылауға бағытталған, жасанды интеллект технологиялары қолданылатын жобасын ұсынған.

    Жоба білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жасанды интеллект негізіндегі мониторинг жүйесі сыныптардағы ауа сапасының көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді.

    Финалист ретінде мектепке 25 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған. Ал байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған жағдайда жобаға 150 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.

    Халықаралық сыйлықтың жеңімпаздары 2027 жылғы 12 қаңтарда Абу-Даби қаласында жарияланады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары