Астанада өткен жәрмеңкеде үш өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды

    Астанада өткен демалыс күндері Маңғыстау, Алматы және Абай облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқан күзгі жәрмеңке өтіп, елорда тұрғындарына 400 тоннадан астам өнім ұсынылды. Жәрмеңкеде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, бал, балық, ұлттық тағамдар мен өңірлерге тән басқа да азық-түлік түрлері тікелей өндірушілерден қолжетімді бағамен сатылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Жәрмеңкеге келген тұрғындар өнімдердің сапасы, таңдау мүмкіндігінің молдығы және қолжетімді бағаларын атап өтті.

    Қала тұрғыны Гүлзира Мешел жәрмеңкеге отбасымен арнайы келген.

    Оның айтуынша, мұнда қысқа қажетті азық-түлікті тиімді бағамен сатып алуға болады.

    «Жәрмеңке ең алдымен халық үшін ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шара деп ойлаймын. Бағалары тиімді екен. Халық та көптеп келіп жатыр, сауда қызу жүріп жатыр. Жолдасым екеуміз Қосшы қаласынан арнайы келдік. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, осы айда жабатын салаттарыма қажетті көкөністерді келілеп алдым. Сүт пен ет өнімдерін де молынан сатып алдым», – деді Гүлзира Мешел.

    Бұл жолы үш өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері елордаға 400 тоннадан астам өнім әкелді.

    Оның ішінде 170 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 100 тонна ет және ет өнімдері, 40 тонна бал, 25 тонна сүт өнімдері, 17 тонна бақша өнімі, 10 тонна балық және 40 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.

    Жәрмеңкеде әр өңірдің өзіне тән өнімдері де ұсынылды. Маңғыстау облысының шаруалары шұбат, балық және бал өнімдерін әкелсе, Абай облысынан ет, бал, қымыз, сүт және ұлттық тағамдар жеткізілді. Алматы облысының тауар өндірушілері көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін ұсынды.

    Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірден елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Оның ішінде 50 тоннаға жуық ет, 70 тонна бал, 30 тонна көкөніс, 30 тонна қарбыз, сондай-ақ сүт және шұжық өнімдері, қымыз, ұлттық тағамдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері бар.

    Өнімдердің барлығы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей жеткізілді. Бұл делдалдар санын азайтып, өнімдерді тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынуға мүмкіндік береді.

    Жәрмеңкеге келген елордалықтар үшін әр өңірдің өзіне тән өнімдерін бір алаңнан сатып алу мүмкіндігі де маңызды артықшылық болды.

    Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтті. Тұрғындар мен елорда қонақтарына қолайлы болу үшін аталған орынға №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары