Гератта Қазақстан мен Ауғанстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығының жаңа форматы талқыланды

    Гератта Қазақстан мен Ауғанстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығының жаңа форматы талқыланды

    Герат қаласында Ауғанстан бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі Еркін Тұқымов бастаған ресми және іскерлік делегациялардың қатысуымен бірқатар іс-шара өтті.

    Сапар аясында Е. Тұқымов Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясының губернаторы Нур Ахмад Исламжармен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, өңірлердің әлеуеті және іскер топтар арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасты.

    Қазақстанның мен Ауғанстанның батыс өңірлері арасында сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика салаларында тікелей байланыстар орнатуға бағытталған «West2West» форматын дамытуға ерекше назар аударылды.

    Сауда-экономикалық іс-шараларға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.

    Сапар аясында «Қазақстан – Ауғанстан: өңіраралық ынтымақтастық» атты бизнес-форум өтті. Форумда өзара сауданы кеңейтудің, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстар орнатудың, өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистикалық байланыстарды дамытудың практикалық мәселелері талқыланды. Ауғанстан тарапы өнеркәсіп тауарларының, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің көрмесін ұсынды.

    Салтанатты түрде қазақстандық «Integra Construction KZ» ЖШС компаниясы құрылысына қатысқан «Хаф – Герат» теміржолының 3-учаскесі ашылды.

    Гераттағы іс-шаралар «West2West» форматын дамытудың практикалық кезеңі және Қазақстан-Ауғанстан ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі жұмыстың жалғасы болды. Тараптар тікелей диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықтың талқыланған бағыттарын практикалық тұрғыдан пысықтауға өзара мүдделілігін растады.

    2026 жылғы қаңтар-шілде айларында тауар айналымы 581,1 млн АҚШ долларын құрап, 2,4 есеге өсті. Қазақстан Республикасының экспорты 572,9 млн долларды құрады, оның ішінде ұн – 215,6 млн, бидай – 122 млн, өсімдік майы – 51,1 млн доллар. Ауғанстаннан импорт 8,2 млн доллар болды. Бұл ауған өнімдерін (кептірілген жемістер, шафран, жүзім, кілемдер және т.б.) жеткізуді ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары