Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді кәсіби мереке – Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Еңбек – ел дамуының берік негізі. Адал еңбегімен отбасын асырап, қоғамның өркендеуіне үлес қосып жүрген әрбір азаматтың еңбегі құрметке лайық. Қай салада болмасын өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген барша еңбек адамдарына алғысымды білдіремін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс». Бұл – еңбекті бағалау мен еңбек адамының мәртебесін арттырудың маңызын айқындайтын ұстаным. Адал еңбек пен кәсіби шеберлік қоғамымыздың басты құндылықтарының бірі болып, әрбір азаматтың еңбегі ел игілігіне қызмет ете берсін.

Еңбек адамына қолдау көрсету, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу – баршамызға ортақ міндет. Өйткені әрбір азаматтың табанды еңбегі туған жеріміздің көркеюіне, еліміздің дамуына өз үлесін қосады.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке және еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Ерен еңбектеріңіз әрдайым еленіп, еңбектің жемісін көре беріңіздер!
Төлеби ауданының әкімі
Еркеғали Әлімқұлов