Бір жылыжайдан басталған кәсіп: Ақтөбе облысында ауыл тұрғыны жылыжай шаруашылығын екі есеге ұлғайтты

    Бір жылыжайдан басталған кәсіп: Ақтөбе облысында ауыл тұрғыны жылыжай шаруашылығын екі есеге ұлғайтты

    Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында басталған шағын жоба бір жыл ішінде отбасылық кәсіпке айналды. Гүлнар Елеусізова алты сотық жерден бастаған жылыжай шаруашылығын бүгінде 12 сотыққа дейін кеңейтіп, қызанақ пен қияр өсіреді. Қазір жылыжайларда 3 мың түп көкөніс бар.

    Гүлнар бірнеше жыл бойы ауылда көкөніс өсіріп, өз кәсібін бастауды ойлаған. Алайда бастапқы қаржының болмауы жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.

    2024 жылы ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы біліп, бизнес-жоспарын әзірлеп, бағдарламаның Ақтөбе облысындағы операторы — «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ға өтінім берген. Жобасы қолдау тауып, отбасы алғашқы жылыжайын салған.

    «Біз «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы біліп, осы мүмкіндікті пайдалануды жөн көрдік. Бизнес-жоспар әзірлеп, өтінім бердік. Жобамыз мақұлданғаннан кейін алғашқы жылыжайымызды салдық. Бұл біз үшін жаңа бағыт болғандықтан, көп нәрсені үйренуге тура келді», — дейді Гүлнар Елеусізова.

    Алғашқы жылы алты сотық жылыжайға 1 500 түп қызанақ отырғызылған. Өнім ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие болып, кәсіпкерге өндірісті кеңейтуге мүмкіндік берген.

    Кейін тұрғындар қиярға да сұраныс білдіре бастаған. Осыдан кейін отбасы шаруашылықты ұлғайтып, тағы 1 500 түп қияр отырғызған.

    Жылыжай ісі отбасы үшін жаңа бағыт болғандықтан, алғашқы кезеңде мамандардың кеңесіне жүгінуге тура келген. Өсімдікті күтіп-баптау, бұталарды дұрыс қалыптастыру, жапырақ пен жемістің жағдайын бақылау, сондай-ақ қажетті температураны сақтау бойынша тәжірибе жинақталған.

    Қазір жылыжайлардың жалпы аумағы 12 сотыққа жетті. Мұнда қызанақ пен қияр өсіріледі. Жылыжайдағы температура шамамен 25–26 градус деңгейінде сақталады. Отырғызу және өнім жинау жұмыстары жылына екі рет жүргізіледі.

    Кәсіпкер келесі отырғызу науқанын қаңтар айында бастауды жоспарлап отыр.

    «Біртіндеп тәжірибе жинадық. Қазір өсімдіктерді күтіп-баптау жұмыстарын жақсы меңгердік. Ең бастысы — өнімге сұраныс бар. Сондықтан кәсібімізді әрі қарай дамытқымыз келеді», — дейді Гүлнар.

    Бүгінде жылыжай шаруашылығына Гүлнардың жолдасы мен төрт баласы да атсалысады. Осылайша бір кездері жоспар болып қана келген кәсіп отбасының ортақ ісіне айналып отыр.

    Гүлнар Елеусізованың тәжірибесі ауылда шағын кәсіп бастауға мүмкіндік беретін қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді: алты сотық жердегі бір жылыжайдан басталған жоба қысқа мерзімде екі есе ұлғайып, тұрақты отбасылық шаруашылыққа айналған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары