
Бүгін Теректі ауданы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Теректі ауданы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында ауданның дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатына қатысты үш маңызды мәселе қаралды.
Бірінші мәселе — аудан бюджетіне өзгерістер енгізу. Баяндаманы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г. Сарсенова жасап, қажетті түзетулер туралы толық ақпарат берді. Кеңес мүшелері сұрақтар қойып, тиісті түсініктемелер алды және ұсынылған өзгерістерді бірауыздан қолдады.
Екінші мәселе — ауылдық округтер бюджеттеріне өзгерістер енгізу. Бұл мәселе де экономика және қаржы бөлімінің басшысы тарапынан жан-жақты түсіндірілді. Мәселе қаралып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілгеннен кейін ұсынылған өзгерістер мақұлданды.
Үшінші әрі кеңінен талқыланған мәселе — қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару тарифін көтеру. Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы К. Есетов тарифті көтеру қажеттілігін негіздейтін есептерді ұсынды.
Қоғамдық кеңес ұсынылған материалдармен танысып, ұзақ талқылаудан кейін аудан тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізу туралы шешім қабылдады. Қоғамдық тыңдауға есеп-қисаптарды әзірлеушінің қатысуына ерекше назар аударылмақ. Бұл тұрғындарға өздерін қызықтырған барлық сұрақтарды тікелей қоюға мүмкіндік береді.
Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша тарифті көтеру мәселесі Қоғамдық кеңестің отырысында қайта қаралатын болады.
Мұндай тәсіл аудан тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешу барысында барынша ашықтықты қамтамасыз етуге және халықтың пікірін ескеруге бағытталған.








