Алматы мәслихатының депутаттары Бас жоспарға енгізілетін түзетулерге келісім беріп, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына өзгерістерді қолдады

    Алматы мәслихатының депутаттары Бас жоспарға енгізілетін түзетулерге келісім беріп, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына өзгерістерді қолдады

    Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс LIII (53) сессиясында депутаттар Бас жоспарды түзету жобасына келісім беріп, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына өзгерістер енгізу және жер салығын есептеу үшін жерлерді бағалық аймақтарға бөлудің жаңа схемасын қарады.

    Депутаттар Алматының Бас жоспарын түзету жобасына келісім берді. Еске салсақ, қаланың Бас жоспары 2023 жылы бекітілген. Бұл – оған енгізілетін алғашқы түзету. Мәслихат келіскеннен кейін жоба тиісті қаулымен бекіту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберіледі.

    Құжатта тұрғын аудандардың дамуы көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен бірге жоспарланған. 2040 жылға қарай қала халқы 3,6 миллион адамға дейін өседі деген болжам бар. Осыны ескере отырып, Алматы бес орталық негізінде дамуын жалғастырады. Олар «Тарихи орталық», «Шығыс қақпасы», «Солтүстік», «Оңтүстік-батыс» және «Батыс».

    Жобада тау бөктерін, су ресурстары мен жасыл аумақтарды қорғау шаралары күшейтілген. 2040 жылға қарай демалысқа арналған аумақтардың қажетті көлемнен 500 гектардан астам артық болуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сондай-ақ таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда тұрғын үй құрылысы мен нүктелі құрылысқа шектеу қою ұсынылады. Көлік бөлігінде метро мен жеңіл рельсті көлікті өзара байланысқан біртұтас жүйе ретінде дамыту қарастырылған. Жоба биылғы 21 қыркүйекте мемлекеттік кешенді ведомстводан тыс қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысын алды.

    Мәслихат Алматының 2030 жылға дейінгі тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді де қолдады. Бағдарламаға барлығы 41 өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Оған қатысушылардың міндеттері, қаржыландыру тетіктері, уақытша баспана мен өтемақы беру шарттары нақтыланды. Кейбір аудандарда тұрғындарды көшіруге арналған тұрғын үй қоры жеткіліксіз болғандықтан, 2026 жылға жоспарланған үйлерді бұзу жұмыстарының бір бөлігі 2027–2029 жылдарға ауыстырылды.

    Сессияның үшінші мәселесі жерлерді бағалық аймақтарға бөлу схемасына қатысты болды. Өзгерістер негізінен коммерциялық мақсаттағы жер учаскелеріне әсер етеді. Учаскенің қай бағалау аймағында орналасқанына қарай жер салығының сомасы төмендеуі, өсуі немесе өзгеріссіз қалуы мүмкін.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы мәслихаты" жаңалықтары