
✅ «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында «Бейкертон» зауытының алғашқы өндірістік желісі іске қосылды. Жобаға 37 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорын ұзақ сақталатын нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығарады.
✔️ Мемлекет басшысы сапалы инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу міндетін қойып отыр. Жаңа өндірістің іске қосылуы — Солтүстік Қазақстан облысындағы осы жұмыстың нақты нәтижесі.
✔️ Зауытта Австрия, Германия, Италия, Испания және Франциядан әкелінген жабдықтар орнатылған. Өндірістің жекелеген операцияларын сегіз робот адамның қатысуынсыз орындайды. Кешен екі желіден тұрады. Толық қуатына шыққаннан кейін жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Екінші желі іске қосылған соң 378 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өнім Қазақстан нарығына жеткізіліп, Ресейге, Қырғызстанға және Өзбекстанға экспортталады.
✔️ Жалпы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында 22 қатысушы тіркелген. Олардың жобаларына салынатын инвестиция көлемі 411 млрд теңгеден асады, ал алдағы уақытта шамамен 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Мұнда Германия, Италия, Түркия, Ресей, Қытай және басқа да елдердің инвесторлары жұмыс істейді.









