ШҚО-да архив қызметін онлайн алуға болады

    ШҚО-да архив қызметін онлайн алуға болады

    Шығыс Қазақстанда қажетті анықтама, құжат көшірмесі немесе үзінді алу үшін мемлекеттік архивке міндетті түрде барудың қажеті жоқ. Өтінішті электрондық үкімет порталы арқылы қашықтан жолдауға болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

    Архивте сақталған мәліметтер азаматтардың еңбек, әлеуметтік және мүліктік құқықтарын растау кезінде қажет. Ондағы деректер еңбек өтілі мен жұмыс кезеңін анықтауға, жалақы немесе марапаттар туралы ақпарат алуға, зейнетақы, мұрагерлік пен әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге пайдаланылады.

    «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметі жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі. Азаматтар тікелей мекемеге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе электрондық үкімет порталына жүгіне алады. Онлайн өтінім электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда бір реттік SMS-парольмен расталады. Нәтиже жеке кабинетке жіберіледі.

    2026 жылғы 24 қыркүйектегі жағдай бойынша облыстың мемлекеттік архивтері 17 327 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Соның 6 930-ы немесе 40 пайызы электрондық үкімет порталы арқылы рәсімделген. Қалған 10 397 өтініш кеңсе арқылы қабылданған.

    Қашықтан жүгіну мүмкіндігі әсіресе шалғай елді мекендерде, басқа өңірлерде немесе облыстан тыс жерде тұратын азаматтарға қолайлы. Бұл тәсіл қажетті деректі алу үшін арнайы келуге кететін уақытты қысқартады.

    Есепті кезеңде белгіленген мерзімді бұзу жағдайлары тіркелмеген. Азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан көрсетілген қызмет сапасына қатысты шағым да түспеген.

    Анықтама, көшірме немесе үзінді беру мерзімі — 11 жұмыс күні. Егер мамандарға екі және одан да көп ұйымның материалдарын немесе бес жылдан асатын кезеңді зерделеу қажет болса, қарау уақыты заңнамаға сәйкес ұзартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтініш иесіне алдын ала хабар беріледі. Қосымша мерзім 30 күнтізбелік күннен аспайды.

    Сұрау түскеннен кейін мамандар қорлар, тізімдемелер мен істер бойынша іздестіру жүргізеді. Қажетті мәлімет табылмаса, азаматқа тиісті жауап беріледі. Негіз болған жағдайда сұрау салу құжат сақталған басқа мекемеге жолданады.

    Облыста сақталған материалдардың 15 пайызы цифрлық форматқа көшірілген. Бұл — 1 631 825 құжат. «Е-Архив» ақпараттық жүйесі қорлар туралы мәліметтерді жүйелеуге, іздестіру жұмысын жеделдетуге бағытталған.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары