
Қазақстан 2026 жылғы сел қаупі маусымын биік таулы мұздақ көлдердің жарылу қаупін төмендету бойынша жұмыстарды аяқтауда. Сел қаупі кезеңінде ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары тау су айдындарының, мұздықтардың, өзендер мен сел арналарының жағдайына тұрақты бақылау жүргізді. Алдын алу шаралары аясында жарылу қаупі бар мореналық көлдерден 3,5 млн текше метр су сорылды. Бұл қауіпті су айдындарындағы гидрологиялық жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді.
Таулы аймақтарда 44 маусымдық бақылау бекеті жұмыс істеді. Жедел ден қою үшін 11 авариялық-механикаландырылған бригада құрылып, олардың құрамына және маусымдық жұмыстарға 100-ден астам маман жұмылдырылды. Биік таулы аймақтардағы бақылаушылар су деңгейін, су айдындары мен мұздықтардың, сондай-ақ іргелес беткейлердің жағдайын тікелей бақылап, гидрометеорологиялық ахуалдағы өзгерістерді тіркеді және ақпаратты диспетчерлік қызметтерге жедел жеткізіп отырды.
Мониторинг автоматтандырылған жүйелермен толықтырылды. Алматы қаласында тәулік бойы деректер жинап, оларды кезекші қызметтерге жедел беруді қамтамасыз ететін 30-дан астам автоматты бақылау станциясы жұмыс істейді. Ең қауіпті учаскелерде бейнебақылау жүйелері мен гидрометеорологиялық датчиктер де қолданылды. Маусым ішінде мамандар 1015 жерүсті және 19 әуеден визуалды тексеру жүргізді.
Су тасу қаупі жоғары мұздақ көлдерге ерекше назар аударылды. Қажет болған жағдайда мамандар су айдындарының тереңдігі мен көлемін анықтау үшін батиметриялық зерттеулер жүргізіп, табиғи су бұру арналарының жағдайын бағалады және инженерлік жұмыстар атқарды. Су деңгейін бақылаулы түрде төмендету үшін сифондық жүйелер пайдаланылды. 2026 жылы ең қауіпті көлдерге шамамен 50 сифондық құбыр орнатылды.
Қолжетімі қиын биік таулы аймақтарға бақылаушылар мен қажетті жабдықтар авиация көмегімен жеткізілді. Әуеден жүргізілген бақылау ауқымды аумақтардағы мореналық-мұздық кешендердің жағдайын бағалауға, су айдындарындағы өзгерістерді анықтауға және қосымша алдын алу шараларын уақытылы белгілеуге мүмкіндік берді. Жекелеген аймақтарда көлдердің морфометриялық параметрлерін және судың жарып шығу қаупін бағалауға мүмкіндік беретін егжей-тегжейлі батиметриялық зерттеулер жүргізілді. Бұл тәсіл биік таулы аймақтарда мамандардың тұрақты болуын, деректерді автоматтандырылған жинауды, әуеден бақылауды және су деңгейін реттеу бойынша инженерлік шараларды үйлестіруге мүмкіндік береді. Алынған ақпаратты «Қазселденқорғау» мамандары талдап, тәуекелдерді бағалау және алдын алу жұмыстарын жүргізу туралы шешімдер қабылдау үшін пайдаланады.
Сел қаупі маусымының қорытындысы бойынша бақылаудағы мұздақ көлдердің жарып шығуына және қауіпті сел ағындарының қалыптасуына жол берілген жоқ. Температураның төмендеуіне және мұздықтардың белсенді еру кезеңінің аяқталуына байланысты маусымдық бақылау бекеттері жұмыс режимін тиісті тәртіпке ауыстырады. Бұл ретте биік таулы аумақтардың жай-күйіне мониторинг белгіленген тәртіппен жалғасады. Қазақстан сел қаупі туралы ерте хабарлау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл бағытта инженерлік қорғау шаралары, заманауи мониторинг технологиялары және биік таулы аймақтардағы ең қауіпті учаскелерді тұрақты бақылау үйлестіріледі.









