
Ордабасы ауданында күзгі өнім жинау науқаны қарқын алды. Биыл аудан көлемінде 8 311 гектарға дәнді жүгері егілді. Қазір алқаптардағы піскен өнімді жинау жұмыстары қызу жүргізілуде.
Ауданға қарасты Жеңіс ауыл округінде егін жинау науқаны басталып, шаруалар жүгері алқаптарындағы өнімді жинауға кірісті.
Аудан әкімі Азат Оралбаев аталған ауылдық округінде болып, ондағы «Даулет» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. Күзгі жиын-терім жұмыстарының барысымен танысты. Шаруашылық иесімен тілдесіп, егістік басындағы жұмыстардың барысын және өнім жинау қарқынын көрді.
«Даулет» шаруа қожалығының жалпы жер көлемі 80 гектарды құрайды. Биыл оның 30 гектарына жүгері, 40 гектарына мақта, 10 гектарына жоңышқа егілген.
Шаруашылық жүгерінің «Пионер 1570» сортын егіп, қазіргі таңда әр гектардан орта есеппен 120 центнерден өнім жинауда.
Аталған шаруашылықта 10 адам жұмыспен қамтылған. Егістік алқабындағы жиын-терім жұмыстары жалғасуда.







