
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ екі елдің өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының 2030 жылға қарай екіжақты тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда өзара сауда көлемін ұлғайту, бірлескен жобаларды іске асыру және өнім жеткізу көлемін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде өзара туристік ағынды арттыруға, Самарқанд облысы мен Қазақстан өңірлерінің туристік әлеуетін ілгерілетуге, сондай-ақ бірлескен туристік бағыттарды дамытуға ерекше мән берілді.
Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтудың және екі ел өңірлері арасындағы тұрақты өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда Самарқанд облысының хокимі ағымдағы жылдың қазан айының соңы – қараша айының басында Түркістан облысына сапар жоспарланып отырғанын хабарлады.









