
2026 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы» ШЖҚ РМК-да пациенттерді медициналық-әлеуметтік сараптамаға (бұдан әрі – МӘС) жіберу кезінде медициналық құжаттаманың сапасын арттыру мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Іс-шараға медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының төрағасы және дәрігерлер қатысты.
Семинарды №3 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Н.А. Артыков және бас маман А.Е. Ғалымова өткізді.
Кездесу барысында МӘС-ке жіберу кезінде медициналық құжаттаманы дайындаудың практикалық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Медициналық мәліметтердің толықтығы, дұрыстығы және негізділігі медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізу, сондай-ақ азаматтың әлеуметтік қорғау және оңалту шараларына қажеттілігін айқындау кезінде маңызды мәнге ие екені атап өтілді.
МӘС мамандары құжаттарды дайындау кезінде жиі кездесетін кемшіліктерді қарастырды. Атап айтқанда, клиникалық диагноздың нақты тұжырымдалмауы, ауру анамнезінің толық сипатталмауы, уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңдерінің жеткіліксіз көрсетілуі, МӘС-ке жіберу мақсатының дұрыс таңдалмауы, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік қорғау шаралары мен оңалту құралдарына қажеттіліктің негізсіз көрсетілуі мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар жеке көмекші қызметіне, санаторийлік-курорттық емделуге, протездік-ортопедиялық көмекке, техникалық қосалқы (компенсаторлық) құралдарға және жүріп-тұрудың арнайы құралдарына қажеттілікті негіздеу мәселелері жеке қарастырылды.
Қатысушыларға МӘС жүргізуді және тиісті әлеуметтік қорғау шараларын ұсынуды реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің негізгі талаптары түсіндірілді. Семинар барысында дәрігерлер медициналық құжаттаманы дайындау және пациенттерді МӘС-ке жіберу кезінде туындайтын мәселелер бойынша жауаптар алды.
Медициналық құжаттарды ресімдеу кезінде талаптарды практикада дұрыс қолдануға, сондай-ақ құжаттарда пациенттің денсаулық жағдайы, бар функционалдық бұзылыстары және жүргізілген емдеу нәтижелері туралы объективті мәліметтердің көрсетілуіне ерекше назар аударылды.
Семинар аясында мемлекеттік тілде «Балтыр сүйектерінің диафиздік сынықтары кезіндегі МӘС» тақырыбында дәріс өткізілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша медициналық ұйымның ДКК төрағасына медициналық құжаттаманы жүргізу сапасын арттыру, ішкі бақылауды күшейту және пациенттерді МӘС-ке жіберуге арналған құжаттарды дайындауға жауапты мамандардың біліктілігін арттыру бойынша ұсынымдар берілді.







