Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 98 адам жауапқа тартылды

    Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 98 адам жауапқа тартылды

    Оларға жалпы сомасы 1 млн 483 мың 426 теңге айыппұл салынды. Айыппұлдар ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы – «Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау» бойынша салынған.

    Бұл туралы Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Айтқали Байтүгелов мәлімдеді.

    Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері ортақ су пайдалану ережелерін бұзған 475 адамға ескерту жасады.

    - Шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру және бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілді. Дегенмен, суға түсуге болмайтын жерлерге барған, қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар да болды. Сондықтан рейдтер барысында заң талаптарын бұзған адамдарға әкімшілік шаралар қолданылды, – деді А.Байтүгелов.

    Биыл шомылу маусымында облыс аумағында 11 адам суға кетіп көз жұмды, оның ішінде 2 бала бар. Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі таңғы және түнгі уақытта болған. Сондай-ақ бірқатар оқиғада алкогольдік ішімдік қолданылғаны анықталды.

    Жыл басынан бері су айдындарында 4 адам құтқарылды. Олардың барлығы – кәмелетке толмағандар.

    Сонымен қатар суға кету фактілері бойынша 12 қызметтік тергеу жүргізіліп, 4 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары