Отандық ғалымдар Омега-3 пен Омега-6 арақатынасы оңтайландырылған спред әзірледі

    «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-тың еншілес ұйымы — «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары «W-баланс» функционалдық сары май - өсімдік майы негізіндегі спредті өндіру технологиясы мен рецептурасын әзірледі. Әзірлеменің ерекшелігі - Омега-3 пен Омега-6 полиқанықпаған май қышқылдарының арақатынасын 1:5 деңгейінде қамтамасыз ететін сүт майы, рапс және зығыр майларының үйлестірілуінде.

    «W-баланстың» дәстүрлі майлы өнімдерден айырмашылығы, оның рецептурасы май қышқылдарының берілген құрамы ескеріле отырып, сары майға тән органолептикалық қасиеттерін сақтап қалатындай етіп әзірленген.

    Өнімдегі майдың массалық үлесі 72,5%-ды құрайды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, өнімнің сіңімділігі 97–98%. Спредте қаныққан майлар мен холестерин мөлшері төмен. Өнім 10-нан 30 °С-қа дейінгі температурада өзінің жұмсақ әрі жағылу қасиетін сақтайды.

    Әзірлеу барысында рецептуралар эксперименттік тұрғыдан пысықталып, эмульгирлеу мен кристалданудың температуралық және механикалық режимдері зерттелді. Сондай-ақ май қышқылдарының құрамына хроматографиялық зерттеулер жүргізілді.

    Рецептурада отандық шикізатты — сүт майын, рапс және зығыр майларын пайдалану көзделген. Технологияны май-тоңмай өнеркәсібі кәсіпорындарының қолданыстағы өндірістік желілеріне интеграциялауға болады.

    Әзірленген рецептура мен технологиялық режимдер негізінде технологиялық құжаттама әзірленді. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі (ҒҒТҚН) ресімделді.

    Технология өнеркәсіптік ауқымда өндіруге дайындалды. Әзірлеме ГОСТ 34178–2017 және КО ТР 021/2011 талаптарын ескере отырып орындалды.

    «W-баланс» спреді функционалдық және диеталық тағам өнімдерін өндіруге арналған. Сонымен қатар оны санаторийлік-курорттық және емдік-профилактикалық тамақтануға арналған өнімдерде, сондай-ақ Healthy Food сегментінде пайдалануға болады.

    Қызығушылық танытқан кәсіпорындар үшін әзірлемені өндіріске енгізу мақсатында технологиялық құжаттаманы дайындау және тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары