
Бүгін 19 қыркүйек күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «WORLD CLEANUP DAY – Дүниежүзілік тазалық күні» халықаралық экологиялық акциясына орай Темір ауыл округінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Дүниежүзінің көптеген елдерінде атап өтілетін бұл күн қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға және қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Осыған орай Темір ауыл округінің аумағында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, елді мекеннің тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, мекеме аумақтары мен көшелер ретке келтіріліп, қоқыстар жиналып, аулалар тазартылды.
Сенбілікке ауыл округі аумағындағы мемлекеттік мекемелер, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, кәсіпорындар мен басқа да мекеме ұжымдары белсенді қатысты.
Атап айтқанда, «Темір жалпы білім беретін мектеп» КММ, «С.Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп» КММ, «Алпамыс» және «Ер-Төстік» бөбекжай-балабақшалары, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент бөлімшесінің Темір станциясы, Темір ауылдық емханасы, Темір ауылдық мәдениет үйі және «Заречное» бірлескен кәсіпорны» АҚ ұжымдары экологиялық акцияға атсалысып, туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.
Сенбілік – тек тазалық жұмыстарын жүргізумен шектелмейтін, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыратын маңызды қоғамдық бастама. Әрбір таза көше, жинақы аула мен абаттандырылған аумақ – елді мекеннің көркі мен тұрғындардың ортақ мәдениетінің көрінісі.
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАЗАЛЫҒЫ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ.








