
Қала күніне орай Семейде күштік экстримнен дәстүрлі «Семей батыры» турнирі өтті. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған жарысқа Өскемен, Риддер қалаларынан, Жарма ауданынан және Семей қаласынан келген спортшылар қатысып, күш-қайраты мен төзімділігін сынға салды.
Турнирге қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Ол мұндай жарыстардың салауатты өмір салтын насихаттаудағы, жастарды спортқа баулудағы және қайсарлық пен табандылықты дәріптеудегі маңызын атап өтті.
«Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Семей батыры» турнирі дәстүрлі спорттық бәсекеге айналды. Бүгін ортамызға Өскемен, Риддер қалаларынан, Жарма ауданынан және Семей қаласынан спортшылар жиналып отыр. Қазақ халқы қашан да білекті де жүректі азаматтарын құрметтеп, батырлық пен намысты биік қойған. Бүгінгі сайыс — сол қайсар рухтың спорт алаңындағы көрінісі. Мұнда тек қара күш қана емес, төзімділік, табандылық, өз-өзіңді жеңе білу және қарсыласқа деген құрмет сыналады», — деді Әсет Баймұрзаев.
Турнир қорытындысы бойынша:
І орын — Макарцов Вадим (Шығыс Қазақстан облысы);
ІІ орын — Азизов Нұрбол (Семей қаласы);
ІІІ орын — Кенжеханов Темирлан (Шығыс Қазақстан облысы).
«Семей батыры» турнирі өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайтып, күштік спортқа қызығушылықты арттыруға ықпал етті. Жігерлі азаматтардың басын қосқан жарыс жастарға қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындықтың, табандылық пен өз күшіне сенудің үлгісін көрсетті.









