Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – денсаулықты сақтаудың маңызды кепілі

    Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – денсаулықты сақтаудың маңызды кепілі

    Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – денсаулықты сақтаудың маңызды кепілі

    Қазақстанда халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, аурулардың алдын алу және қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтік зерттеулердің маңызы ерекше.

    Осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Алматы қаласы ҚАЖД-ға қарасты №72 мекемеде де ұйымдастырылды. Мекемеде сотталған ерлер мен әйелдерге дәрігер Сейілхан Темірханұлы және дәрігер Шынар Серикхановна денсаулықты күту, аурулардың алдын алу және медициналық тексерулерден уақытылы өтудің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

    Кездесу барысында мамандар онкологиялық аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау мәселелеріне ерекше тоқталды. Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісіктерді бастапқы кезеңінде анықтау медициналық көмекті дер кезінде бастауға және пациенттің денсаулығын сақтауға бағытталған емдеу шараларын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

    «Скринингтен өту ауруды ерте анықтауға және емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті маман.

    Мамандар азаматтарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсіндірді. Скринингтік тексерулердің негізгі мақсаты – белгілі бір жас топтарындағы адамдар арасында аурулардың бастапқы белгілерін немесе қауіп факторларын ерте анықтап, қажет болған жағдайда қосымша медициналық тексеруге және ем алуға бағыттау.

    Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесінде әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларды ерте диагностикалауға бағытталған профилактикалық шаралар жүргізілетіні айтылды. Атап айтқанда, 40 жастан 76 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы және мінез-құлықтық қауіп факторларын анықтауға бағытталған скринингтік тексерулердің маңызы түсіндірілді.

    Медициналық мамандар скринингтің тек ауруды анықтаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның маңызды бағыты – адамның денсаулық жағдайын бағалау, аурудың пайда болуына әсер ететін қауіп факторларын анықтау және олардың алдын алу бойынша тиісті ұсыныстар беру.

    Сонымен қатар, дәрігерлер кез келген аурудың алдын алуда адамның өзінің денсаулығына деген жауапкершілігі маңызды екенін жеткізді. Уақытылы медициналық тексеруден өту, дәрігердің ұсыныстарын орындау, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін сақтау және зиянды әдеттерден бас тарту – денсаулықты нығайтуға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.

    Мекеме жағдайында өткізілген түсіндіру жұмыстары сотталғандардың медициналық сауаттылығын арттыруға, профилактикалық шараларға жауапкершілікпен қарауына және өз денсаулығына ұқыпты болуына бағытталды.

    Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, медициналық тексерулерден жүйелі түрде өтудің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті. Кездесу соңында азаматтарға өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, профилактикалық тексерулерден белгіленген тәртіппен өту қажеттігі түсіндірілді.

    Денсаулықты сақтау – ауруды емдеуден бұрын оның алдын алудан басталады. Ал ауруды ерте анықтау – медициналық көмекті уақытылы ұйымдастырудың маңызды алғышарты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары