Атырау облысында “Силлено” газ-химия жобасының жүзеге асырылу жайы талқыланды

    Атырау облысында “Силлено” газ-химия жобасының жүзеге асырылу жайы талқыланды

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов “Técnicas Reunidas” компаниясының өкілі Оскар Ломбермен және Қазақстан мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жакиевпен, Президиум төрағасы Рзабек Артығалиевпен кездесті.

    Қос тарап “Силлено” газ-химия саласындағы ірі жобаны іске асыру, қазақстандық қамту, жергілікті мамандарды тарту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері жайында ақылдасты.

    Өңір басшысы Испания мемлекетінің аймақтың сауда-экономикалық серіктесі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құраған. Кездесуде талқыға түскен негізгі мәселенің бірі — “Силлено” жобасын жүзеге асыру. Жылына 1,2 млн тонна полиэтилен шығарады деп жоспарланып отырған жобаның құны — 7,6 млрд АҚШ доллары.

    Оскар Ломбер жобаның дайындығы 54% деңгейінде екенін айтты. Компания деэтанизация, крекинг қондырғыларының құрылысына жауапты. Жуырда нысанда жергілікті “Атыраунафтемаш” кәсіпорынында жиналған биіктігі 108 метрлік ірі габаритті баған орнатылмақ.
    Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау және нысанды пайдалануға беру 2028 жылғы желтоқсанға жоспарланған.

    Кездесуде қазақстандық қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Компания келісімшарттағы міндеттеме 10% екеніне қарамастан, көрсеткішті 20%-ға дейін жеткізген. Нысанда күн сайын 1 700-ге жуық жұмыскер қызмет етеді, олардың 87%-ы — Қазақстан азаматы. Компания өкілдері ай сайын жұмыс күшіне сұраныс жайында хабардар етіп отыруға дайын екенін айтты.

    Облыс әкімі жұмысқа барынша жергілікті тұрғындарды тарту керегін атап өтті. Бұл Теңіздегі Болашақ кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін жұмыспен қамтуда қосымша мүмкіндіктерге жол ашады. Компания сондай-ақ Talent Acquisition Program бағдарламасын жүзеге асыруда: жыл сайын қазақстандық жоғары оқу орындарының 30 түлегін Мадридтегі инженерлік орталықта оқытуға және тағылымдамадан өткізуге іріктеп алып, кейін оларды жоба нысандарына жұмысқа қабылдайды.

    Тараптар кездесу соңында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелерін, соның ішінде Атырау облысы тұрғындарының игілігі үшін инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары