
Энергетика саласының тұрақтылығы – кез келген өңірдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Өнеркәсіптің өркендеуі, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, халық санының өсуі мен тұрмыстық қажеттіліктің артуы электр энергиясына деген сұранысты жылдан-жылға көбейтіп келеді. Осындай жағдайда дәстүрлі энергия көздерімен қатар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген жаңартылатын энергия көздерін дамыту өзектілігін арттыруда.
Бұл бағытта Жамбыл облысының әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде су электр стансаларының жиынтық қуаты – 24,4 мегаватт, жел электр стансалары – 275,65 мегаватт, ал күн электр стансаларының қуаты – 271,25 мегаватт. Бұл көрсеткіштер облыстың еліміздегі жаңартылатын энергетиканы дамыту ісінде өзіндік орны бар екенін көрсетеді.
Күн сәулесін кәдеге жаратқан өңір
Жамбыл облысында баламалы энергия көздерін игеру жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталған. Соның алғашқы мысалдарының бірі – Қордай ауданындағы «Отар» күн электр стансасы.
Отар елді мекенінің маңында 2014 жылы іске қосылған нысан өңірдегі күн энергетикасының дамуына жол ашқан жобалардың бірі болды. Бастапқы қуаты 504 киловатт болған стансаның құрылысына 200 миллион теңге инвестиция жұмсалған. Кейін жоба кеңейтіліп, бүгінде оның белгіленген қуаты 7 мегаватқа жеткен.
Стансаның тағы бір ерекшелігі – оның жалпы энергетикалық жүйеге қосылуы. Өндірілген электр энергиясы ортақ желіге беріліп, елдің біртұтас энергетикалық жүйесінің қажеттілігіне бағытталады.
Осылайша бір кездері тәжірибелік сипаттағы жоба ретінде басталған бастама бүгінде өңірдегі жаңартылатын энергия өндірісінің нақты мысалына айналды.
Жуалыдағы алып күн алаңы
Жамбыл өңіріндегі күн энергетикасының ауқымды жобаларының бірі Жуалы ауданында жүзеге асырылды. Мұнда орналасқан «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансаларының жалпы қуаты 100 мегаватты құрайды.
Жүздеген гектар аумақты алып жатқан күн панельдері кешені көлемі жағынан да, технологиялық мүмкіндігі жағынан да назар аударады. Бір ғана станса аумағында жүздеген мың күн панелі орнатылған. Жобаға қомақты инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарына шамамен 48 миллиард теңге бағытталған.
Мұндағы электр энергиясын өндіру процесі автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Панельдерден алынған энергия инверторлық станциялар арқылы жинақталып, одан әрі орталық жүйеге жөнелтіледі. Ал арнайы мониторинг жүйесі әрбір панельдің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді.
Күн энергетикасының тиімділігі ауа райына да байланысты. Бұлтты күндері өндірілетін қуат көлемі төмендегенімен, панельдердің жұмысына температураның жоғары немесе төмен болуы айтарлықтай кедергі келтірмейді. Сондықтан Жуалының табиғи-климаттық жағдайы мұндай жобаны жүзеге асыруға қолайлы аумақтардың бірі ретінде қарастырылған.
«Айша күн шуақ»: өндіріс қуатын ұлғайтуға бағытталған жоба
Жамбыл ауданында да күн энергиясын өндіруге бағытталған жоба табысты жұмыс істеп келеді. Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылының маңында орналасқан «Айша күн шуақ» стансасының қуаты – 50 мегаватт.
Жобаға 20,8 миллиард теңге инвестиция салынған. Жалпы аумағы 110 гектарды құрайтын стансада 100 мыңға жуық күн панелі орналастырылған. Өндірілген электр энергиясы мыңдаған тұрғын үй мен өндірістік нысандарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нысанда қолданылатын трекерлік технология күн панельдерінің күннің қозғалысына қарай бағытын өзгертіп отыруына мүмкіндік береді. Бұл күн сәулесін барынша тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Панельдердің екі жақты энергия қабылдау мүмкіндігі де өндіріс тиімділігін арттыратын технологиялық шешімдердің бірі.
Жоба мұнымен шектелмейді. Станса қуатын қосымша 20 мегаватқа арттыру жоспарланған. Осы мақсатта аудан аумағынан қосымша жер телімі қарастырылып, электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жобаның құны 7 миллиард теңге болатын бұл кезеңі де өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Шу ауданындағы энергетикалық әлеует
Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында Шу ауданында да бірқатар жоба іске асырылуда.
Солардың бірі – қуаты 100 мегаватт болатын «ШУ-100 мегаватт» күн электр стансасы. Жоба француздық «Total Eren» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған. Станса үшін Шу ауданының таңдалуына өңірдегі күн сәулесінің жоғары белсенділігі және өндірістік нысандардың болашақтағы электр энергиясына деген сұранысы себеп болған.
Жобаға шамамен 60 миллиард теңге инвестиция тартылған. Станса толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өңірдегі электр энергиясына деген тапшылықты төмендетуге ықпал етпек.
Маңыздысы, мұнда өндірілген электр энергиясы Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беріледі. Сонымен қатар стансада тұрақты жұмыс істейтін мамандарды жергілікті тұрғындар арасынан даярлау көзделген.









