Егіндікөл аудандық мәслихатының сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Егіндікөл аудандық мәслихатының сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды

    Егіндікөл аудандық мәслихатының сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды

    Егіндікөл ауданында аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтіп, оның барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жергілікті атқарушы органдардың қызметіне және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

    Сессияның негізгі мәселелерінің бірі – Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Викторович Курушиннің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі болды. Баяндама барысында аудан әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстар, жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асырылуы және алдағы кезеңдегі негізгі жұмыс бағыттары туралы ақпарат ұсынылды.

    Сондай-ақ депутаттар Спиридонов ауылдық округінің әкімі Айтан Қабдулбариевич Башеновтің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін тыңдады. Бұл мәселені қарау барысында ауылдық округтің жергілікті маңызы бар мәселелерін шешу және тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтылды.

    Сессия күн тәртібінде бюджеттік жоспарлау мәселелеріне де ерекше орын берілді. Егіндікөл ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Светлана Васильевна Придан 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешім жобасын, сондай-ақ 2026–2028 жылдарға арналған Егіндікөл ауданының ауылдық округтері мен ауылдарының бюджеттеріне өзгерістер енгізу туралы мәселені таныстырды.

    Бюджеттік мәселелерді қарау аудандық мәслихат жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Себебі бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және бөлу аудан инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік сала нысандарын ұстауға және тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

    Күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында Егіндікөл ауданының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту мәселесі де қаралды. Аталған комиссия аудан аумағында терроризмнің алдын алу және осы бағыттағы іс-шараларды үйлестіру жұмыстарын жүргізеді.

    Сонымен қатар депутаттар 2022 жылғы 24 наурыздағы № 7С18-5 «Егіндікөл ауданының әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындайтын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларды өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» шешімге өзгеріс енгізу мәселесін қарады.

    Сессия соңында Егіндікөл аудандық мәслихатының кезекті сессиясының қарауына енгізілетін негізгі мәселелер талқыланды.

    Сессия қорытындысы бойынша қаралған мәселелердің әрқайсысына қатысты тиісті шешімдер қабылданды. Аудандық мәслихаттың жұмысы ауданның өзекті мәселелерін ашық талқылауға, жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары