Қарағанды гарнизонында «Айбалта-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

    Қарағанды гарнизонында «Айбалта-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

    «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу орталығының полигонында «Айбалта-2026» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.
    Оқу-жаттығуға «Астана» өңірлік қолбасшылығының құрамалары мен әскери бөлімдері қатысу үстінде. Оған 600-ге жуық әскери қызметші және 50-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған.
    Негізгі міндет – әскерлердің мақсатқа сай міндеттерді орындауға әзірлігін тексеру, командирлер мен штабтардың жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ бөлімшелердің өзара іс-қимылын арттыру.
    Оқу-жаттығу барысында штабтар әскерлерді басқару, бөлімшелерді жылжыту және қайта топтастыру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру, сондай-ақ жағдайдың өзгеруі барысында басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтайды.
    Практикалық кезеңде әскери қызметшілер полигонда қару-жарақ пен әскери техниканы қолдана отырып, қазіргі заманғы қарулы күрестің даму үрдістерін ескере отырып, оқу-жауынгерлік міндеттер кешенін орындайды.
    – «Айбалта-2026» – республика аумағында өткізіліп жатқан стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың кезеңдерінің бірі. Оның барысында әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін, басқару органдарының үйлесімділігін және әскерлердің шынайы жағдайға барынша жақын ортада тиімді әрекет ету қабілетін тексереміз, – деді Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері Бас жедел басқармасының бастығы полковник Қанат Жәнкеев.
    Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша басқару органдары мен әскерлердің әзірлігі бағаланып, жауынгерлік даярлықты жетілдірудің одан арғы бағыттары айқындалады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі" жаңалықтары