
Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Теңдік ауылында жаңартылған мәдениет үйі ашылды. Нысан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бірлескен «QH Мәдени даму алаңы» жобасы аясында жаңғыртудан өтті.
Мәдениет үйінің ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.
Елімізде бұл жоба алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысының мәдени нысандарынан басталды. Жобаның мақсаты – тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына, білім алуына және мәдени демалысын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасау.
Мәдениет үйінің жиһазы мен техникалық жабдықтары толық жаңартылып, заманауи жарық және дыбыс құрылғылары орнатылды. Ауыл тұрғындары үшін вокал және домбыра студиялары, театр және хореография үйірмелері, қолөнер шеберханасы, кітапхана мен балаларға арналған арнайы орын жабдықталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









