
ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫНА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді.







