
2026 жылғы 11 қыркүйекте Ақтау қалалық мәслихатының әлеуметтік мәселелер және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Отырыс жұмысына тұрақты комиссия мүшелері, прокуратура, полиция басқармасы және қала әкімдігінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде қала прокуратурасының құқық бұзушылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын қайта әзірлеу және тиімділіктің негізгі көрсеткіштері (KPI) бойынша бағалау алгоритмін енгізу туралы хаты қаралды
2026 жылғы 27 тамыздағы жедел-статистикалық деректерге сәйкес, қалада жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 5,1%-ға төмендеген. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар – 66,7%-ға, ауыр қылмыстар – 8%-ға, онша ауыр емес қылмыстар – 10,2%-ға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар – 33,9%-ға, көшедегі қылмыстар – 26,1%-ға азайған.
Сонымен бірге қылмыстық ахуалдың жекелеген сегменттерінде кері динамика байқалады. Атап айтқанда, алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар 53,1%-ға, адамдар тобы болып жасалған қылмыстар 144,2%-ға өскен.
Осыған байланысты комиссия профилактикалық іс-шараларды проблемалық бағыттарға шоғырландыруды, мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді және қабылданған шаралардың нәтижелілігін өлшенетін KPI көрсеткіштері арқылы бағалауды маңызды міндет ретінде белгіледі.
Профилактиканың түпкі нәтижесі статистикалық көрсеткіштердің өзгеруімен ғана емес, қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың жүйелі түрде жойылуымен және азаматтардың қауіпсіздік деңгейінің нақты артуымен өлшенуі тиіс.
Ақтау қалалық мәслихаты аталған бағыттағы жұмысты өз құзыреті шеңберінде жүйелі бақылауда ұстайтын болады.









