
Елордадағы «Аспан» спорт кешенінде жастар мен жасөспірімдер (кадеттер) арасында бокстан Астана қаласының чемпионаттары өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
8-12 қыркүйек аралығында 2009-2010 жылдары туған жастар арасындағы қала чемпионаты өтті. Жарысқа 140-қа жуық боксшы қатысып, бірнеше күн бойы ұлдар мен қыздар өз салмақ дәрежелері бойынша қала чемпионы атағын сарапқа салды.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында Бекзат Бектемір (48 кг дейін), Олжас Нұрланұлы (50 кг дейін), Юнус Рақымжан (55 кг дейін), Айдын Сейсенбай және Әділет ғалиев (60 кг дейін), Ернұр Өнертаев (65 кг дейін), Әлібек Дияс (70 кг дейін), Елхан Суелхан (75 кг дейін), Әзизжан Қанат (80 кг дейін), Нұрдәулет Қалдар (85 кг дейін), Сабыржан Сағым (90 кг дейін) және Тимур Нұрымов (+90 кг) қала чемпионы атанды.
Қыздар арасында Аяжан Серікбай (51 кг дейін), Гүлбану Бекмұрат (54 кг дейін), Асқар Нұрай (57 кг дейін) және Айша Базарбай (65 кг дейін) жеңімпаз атанды.
Жастар арасындағы біріншіліктен кейін «Аспан» спорт кешенінде жасөспірімдер (кадеттер) арасындағы Астана қаласының чемпионаты басталды. Қазіргі уақытта додаға елорданың спорт мектептері мен бокс клубтарының, сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатының 200-ден астам спортшысы қатысуда.
Қазіргі уақытта қатысушылар алдын ала және жартылай финалдық жекпе-жектерде бақ сынайды. 16 қыркүйекте шешуші финалдық кездесулер өтіп, қала чемпиондары мен жүлдегерлері анықталады.
Жарыстардың басты мақсаты – жастар мен жасөспірімдер арасында боксты дамыту және кеңінен насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, сондай-ақ елордалық құраманың спорттық резервін қалыптастыру.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар Астана қаласының құрама командасына іріктеліп, алдағы республикалық жарыстарда елорда намысын қорғайды.








