
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Исатай ауданына жұмыс сапары аясында тұрғындармен жүздесті. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралып, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары айқындалды.
Аудан жұртшылығы үшін ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды мәселенің бірі — малды жем-шөппен қамтамасыз ету. 2025–2026 жылдардағы мал қыстату науқанына 81 мың тоннадай жем-шөп дайындалған. Сондай-ақ мал азығының бағасын тұрақтандыру мақсатында Батыс Қазақстан облысынан делдалдарсыз 240 тонна бидай әкелінген.
Білім беру саласында биыл Тұщықұдық ауылында саз мектебінің, ал Томан елді мекенінде 80 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды. Нарын ауылында тағы бір 80 орындық балабақша бой көтеріп жатыр, оны келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында биыл Аққыстау ауылындағы 250 орындық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Тұрғындар аурухананың инфекциялық бөлімшесі мен асханасын жөндеу қажеттігі жөнінде мәселе көтерді. Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысына бұған қатысты нақты жоспар әзірлеуді, жөндеу мүмкіндігін қарастырып, нәтижесі жөнінде баяндауды тапсырды. Сондай-ақ ауылда денсаулық сақтауды дамыту аясында Өркен елді мекенінде салынған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілсе, Жасқайрат ауылында “Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау” ұлттық жобасы шеңберінде медициналық бекет бой көтерді.
Өңір басшысы тұрғын үй құрылысы саласына тоқтала келе, Аққыстау ауылында 2019 жылдан бері салынып жатқан үш 60 пәтерлі тұрғын үйге қатысты жағдайға баса назар аударды. Оның сөзінше, ғылыми-зерттеу мекемесі ғимараттарға техникалық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде нысандардың апатты жағдайда болуына байланысты бұзу ұсынылған. Сонымен қатар Аққыстау ауылында NCOC компаниясының демеушілігімен үш қабатты 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқтала келді. Бюджет қаражаты есебінен тағы бір үш қабатты 60 пәтерлі үй салынып жатыр.
Инженерлік инфрақұрылым саласында ауданда бірқатар жоба қолға алынған. Жанбай және Зинеден ауылдарында көшелер жарықтандырылып, Исатай ауылының электр желілері жаңартылуда. Ал Қызылүй елді мекенінде 10 кВ әуе электр беру желісі реконструкцияланып, көшелер жарықтандырылуда. Жұмыстарды жыл соңына дейін тәмамдау жоспарланған.
Мәдениет және спорт саласында Нарын ауылында 300 орындық Мәдениет үйі бой көтеріп келеді, құрылысты келесі жылы аяқтау көзделген. Нарын және Зинеден ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, бүгінде нысандарды қабылдап алу жұмыстары жүріп жатыр.
Жол инфрақұрылымы мәселелері бойынша жол сапасын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылу үстінде. Ауданішілік жолдардың жалпы ұзындығы —109 шақырым. Жанбай ауылында 9,5 км, Исатай ауылында 8,6 км ауылышілік жолдарға реконструкция жүріп жатыр. Хамит Ерғалиев ауылында 8,6 км ауылышілік және жаяу жүргіншілер жолдарына күрделі жөндеу, Қызылүй ауылында 32 км кіреберіс жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Жұмыстарды 2027 жылғы бірінші жартыжылдықта аяқтау жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы аудан экологиясына да тоқталып, Хамит Ерғалиев ауылында мұнай қалдығын қайта өңдеу кешенін салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткенінен хабардар екенін және мәселе жеке бақылауында екенін атап өтті.
Өңір басшысының баяндамасынан кейін кездесу форматы ашық диалогқа ауысты. Аудан тұрғындары жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы, фермерлерге субсидия алу, сумен қамтамасыз ету, көгалдандыру, инфрақұрылымды дамыту, демалыс орындарын ашу жөніндегі мәселелерді алға тартты. Облыс әкімі салалық басқарма басшыларына сұрақтар бойынша тапсырмалар берді.
Болат Ақшолақов кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындар өңір басшысына көкейкесті мәселесін жеткізуге мүмкіндік алды.









