Колледж жатақханалары — Петропавл полициясының ерекше бақылауында

    Колледж жатақханалары — Петропавл полициясының ерекше бақылауында

    Петропавлда ювеналды полиция қызметкерлері колледж жатақханаларында профилактикалық жұмысты күшейтті. Әртүрлі өңірлерден білім алуға келген студенттер ата-аналарының күнделікті бақылауынан тыс болғандықтан, олардың қауіпсіздігі мен тәртібіне ерекше назар аударылуда.
    Оқу жылының алғашқы күндерінен бастап полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кейбір студенттер ата-ана бақылауынан тыс қалуды еркіндік деп қабылдап, сабақтан қалу, түнгі уақытта жүру немесе жанжалдарға араласу сияқты жағдайларға жол беруі мүмкін.

    Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қалалық прокуратурамен бірлесіп, жатақханаларда студенттермен кездесулер өткізіледі. Кездесулердің бірі Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінде өтті. Оған колледждің 190-ға жуық студенті қатысты.
    Полицейлер жастарға заң талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

    Сонымен қатар тәртіп сақшылары буллинг, бопсалау, ұрлық және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
    Профилактикалық жұмыстармен қатар жатақханалар орналасқан аумақтарда рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Әр жатақханаға Полиция бөлімшелерінің басшыларын, ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторларды бекіту жоспарланған. Бұл колледж әкімшілігімен тұрақты байланыс орнатып, келіп түскен ақпараттарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

    Аталған жұмыстар республикалық «Балалар, назар аударыңыздар!» және «Жасөспірімдер бақылауы» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында жүргізіледі.
    Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 42 қылмыс тіркелген. Ал 8 ай ішінде жасөспірімдердің өздері 21 қылмыс және 143 құқық бұзушылық жасаған.

    Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу — «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары