14 жыл теміржолда: астаналық маман пойыз қауіпсіздігін қалай бақылайтынын айтты

    14 жыл теміржолда: астаналық маман пойыз қауіпсіздігін қалай бақылайтынын айтты

    Пойыздың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде машинистің жұмысына бақылау жасайтын мамандардың да рөлі зор. Солардың бірі – Астана локомотив пайдалану депосында аға таспа талдау инженері болып еңбек ететін Әсем Тілебалдина. Теміржол саласында 14 жылдық тәжірибесі бар маман соңғы үш жылдан бері жылдамдық өлшегіш таспаларды талдап, локомотив бригадаларының жұмысындағы бұзушылықтарды анықтап келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    «Менің міндеттеріме КЛУБ, БОРТ сияқты қауіпсіздік құралдары мен жылдамдық өлшегіш таспалардың жұмыс принципін білу, таспаларды сапалы талдау, пойызды жүргізу және тежегіштерді басқаруға қатысты параметрлерді тіркеу жатады. Сондай-ақ жылдамдық өлшегіш, ALSN және тежегіштердің жұмысын білу қажет. Таспаларды талдау кезінде анықталған барлық бұзушылықтар, бағдаршамдардағы кідірістер, жылдамдық өлшегіштер мен машинист жабдықтарындағы ақаулар, сондай-ақ шұғыл тежеудің себептері арнайы журналдарға жазылады. Ай сайын анықталған бұзушылықтар мен олардың себептері, бейнежазбалар және қабылданған шаралар көрсетіліп, локомотив бригадаларына жеткізіледі. Бұл жұмыс профилактикалық шараларды дер кезінде жүргізіп, бұзушылықтардың қайталануын болдырмауға және мыңдаған жолаушы мен жүк тиелген пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді таспа талдаушы.

    Аса жауапты маман Әсем теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда өзінің кәсіби тәжірибесі мен біліміне сенеді.
    «Жылдамдық өлшегіш таспаларды талдауға арналған арнайы стендте Астана-Есіл, Астана-Қарағанды, Астана-Павлодар және Астана-Көкшетау бағыттарындағы учаскелер көрсетілген. Әр сапар бойынша таспаны талдау локомотив бригадасының жұмысын мұқият әрі терең түсінуді талап етеді. Маған жұмысымның осы қыры, яғни сапар барысын толық көріп, машинистің әрекеті белгіленген талаптарға қаншалықты сәйкес екенін анықтау ұнайды», – дейді Әсем.

    Абай облысында көпбалалы отбасында дүниеге келген Әсем Амангелдіқызы байланыс электрмонтері мамандығы бойынша колледж және университетте білім алған. Еңбек жолын 2012 жылы теміржолда Орталықтандыру сигнализациясының электромонтері қызметінен бастады. Осы саладағы жұмыс ол үшін кәсіби деңгейде қалыптасудың алғашқы маңызды кезеңі болды және қажетті білім мен дағдыны меңгеруге мүмкіндік берді. Елордаға 2023 жылы көшіп келіп, содан бері қазіргі жұмысын Астана депосында абыроймен атқарып келеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары