Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар өткізуге құқылы.
Митингілерді, пикеттерді және басқа да бейбіт жиналыстарды өткізу хабарлама беру тәртібімен, жергілікті атқарушы органмен келісу арқылы жүзеге асырылады.
Ол үшін іс-шара өтетін жер бойынша әкімдікке өткізу күніне дейін кемінде 5 жұмыс күні бұрын хабарлама (өтініш) беру қажет.
Хабарламада келесі мәліметтер көрсетіледі:
- іс-шараның мақсаты;
- нысаны (митинг, пикет және т.б.);
- өткізу орны, күні және уақыты;
- қатысушылардың болжамды саны (алаңның мүмкіндігіне сәйкес болуы тиіс);
- ұйымдастырушы туралы деректер (тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері және байланыс мәліметтері).
Іс-шаралар әкімдік айқындаған мамандандырылған орында өткізіледі.
Арнайы белгіленген орындардың тізімі:
- әкімдіктің ресми сайтында;
- тиісті өңірдің gov.kz интернет-ресурсында жарияланады.
Сондай-ақ ақпаратты тікелей әкімдіктен нақтылауға болады.
Әкімдік митинг немесе пикет өткізу туралы хабарламаны қарап, оны алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде шешімін хабарлайды.
Әкімдік келесі жағдайларда келісім беруден бас тартуға құқылы:
- көрсетілген орын рұқсат етілген орындар тізіміне кірмесе;
- таңдалған уақыт басқа іс-шарамен сәйкес келсе;
- толық емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынылса;
- іс-шараның мақсаты Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келсе;
- қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төнсе;
- хабарлама беру мерзімдері сақталмаса.
Мысалы, Павлодар қаласының тұрғыны аула аумақтарын абаттандыру мәселесі бойынша пикет өткізгісі келеді.
Ол алдын ала әкімдіктің сайтына немесе gov.kz порталына кіріп, бейбіт жиналыстар өткізуге арналған арнайы белгіленген орындардың тізімін қарайды және өзіне қолайлы алаңды таңдайды.
Содан кейін ол әкімдікке кемінде 5 жұмыс күні бұрын хабарлама беріп, мақсатты, күнін, уақытын, орнын және қатысушылар санын көрсетеді.
Әкімдік хабарламаны қарайды. Егер барлық талаптар сақталып, орын дұрыс таңдалса — іс-шара келісілетін болады.
Егер өтініш беруші, мысалы, рұқсат етілген тізімге кірмейтін орынды көрсетсе, оған бас тарту туралы жауап себептері түсіндіріліп беріледі. Осыдан кейін ол басқа орынды таңдап, хабарламаны қайтадан тапсыра алады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы № 61–НП нормативтік қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырушыға жиынның өткізілу орны мен (немесе) уақытын өзгерту жөнінде ұсыныс жолдайды.
Маңызды: митингіні немесе пикетті рұқсатсыз өткізу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.