Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 9-бабына сәйкес, меншіктегі, тұрақты жер пайдаланудағы немесе өтеусіз уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелеріне Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жер салығы салынады. Мемлекет уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) берген жер учаскелері үшін жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы алынады. Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу және бюджет кірісіне төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес анықталады. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (Салық кодексі) 503-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемелері бір гектарға есептеліп белгіленеді және топырақ сапасына қарай сараланады. Топырақ бонитетінің балын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ аумақтық бөлімшелері анықтайды.