Емханада тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектер болмаған жағдайда оларды қалай алуға болады?
Емханада Сізге тиесілі дәрі-дәрмектер болмаса, келесі әрекеттерді жасауға кеңес береміз:
Дәріхана пунктінің меңгерушісіне немесе медициналық ұйым басшылығына дәрігердің тағайындауы бойынша дәрі-дәрмектерді беру туралы жазбаша өтінішпен жүгініңіз. Медициналық ұйым дәрінің жоқ болу себептері мен жеткізу мерзімдері туралы түсініктеме беруге міндетті.
Өзіңізді «кешіктірілген қамтамасыз ету» журналына (немесе электронды реестрге) енгізуді талап етіңіз, бұл дәрінің емхана қоймасына келген соң дереу берілуін қамтамасыз етеді.
Егер емхана тарапынан жауап болмаса немесе қамтамасыз ету мерзімі бұзылса, келесі мәліметтерді көрсетіп Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасына жүгініңіз: толық аты-жөні, ЖСН, дәрінің атауы және емхананың атауын көрсете отырып, өтінішті беруге болады:
– eGov электронды үкімет порталы арқылы;
– жеке келіп немесе хат жолдау арқылы.
Қажет болған жағдайда Денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізеді және емханаға Сізге қажетті дәрі-дәрмектерді қамтамасыз етуге тиісті тапсырмалар береді. Денсаулық сақтау басқармасы тегін дәрі-дәрмектердің уақтылы берілуін бақылап, пациенттердің құқықтары бұзылған жағдайда шаралар қолданады.