Жергілікті маңызы бар су айдынын немесе су учаскесін бекітіп беру қалай жүзеге асырылады?
Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғалары балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық шаруашылығын жүргізу құқығына ие бола алады. Ол үшін жеке немесе заңды тұлға Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына өтінім береді. Өтінім негізінде инспекция ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 18-04/245 бұйрығымен бекітілген «Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру жөнiнде конкурс өткiзу қағидаларын және конкурсқа қатысушыларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарына» сәйкес конкурс өткізеді. Конкурстың нәтижесі бойынша су айдыны немесе учаскесі 5 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге бекітіп береді.
ҚР 2004 жылғы 9 шілдедегі №593 Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Заңының 40-бабына сәйкес жеке меншікте немесе жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың уақытша жер пайдалануындағы жер учаскелерiнде толығымен орналасқан аңшылық алқаптар, сондай-ақ жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда олардың өтiнiмi бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмiмен конкурс өткiзiлместен соларға бекiтiп берiледi.