Қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жеңілдіктер, өтемақылар және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға үміткер бола алады.
Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтар, қандас мәртебесін алу үшін тұрғылықты жері бойынша ХҚКО -на өтінішін бере алады.
Қандас мәртебесін алу үшін арнайы үлгідегі өтінішке келесі құжаттарды қоса ұсыныңыз:
- еркін нысандағы өмірбаян;
- өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, нотариалды куәландырған аудармасымен;
- жеке басын куәландыратын құжаттарда ұлты жазылмаған жағдайда, өтініш берушінің ұлтын растайтын басқа да құжаттар белгіленеді.
Құжаттарды қарау және қандас мәртебесін беру - өтініш тіркелген күннен бастап 4 жұмыс күні ішінде, егер өтініш берушінің жеке сәйкестендіру нөмірі болған жағдайда жалпы мерзімі 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Қандас мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі және Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайда тоқтатылады.
Қандас мәртебесінің мерзімін ұзарту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган алты айдан аспайтын мерзімге бір рет қабылдайды.